Әйгілі актриса Зәмзәгүл Шәріпова өмірден өтті - Мәдениет|14 Шілде 2018, 18:08
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әйгілі актриса Зәмзәгүл Шәріпова өмірден өтті

Қазақстанның халық артисі, «Отан» орденінің иегері Шәріпова Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы дүниеден өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Шәріпова Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы, Қазақстанның халық артисі, «Отан» орденінің иегері.

Ол 1931 ж. Алматы облысы Жамбыл ауданы ХХ партсъезд ауылында дүниеге келді.

Ал, 1947ж. Алматының Жоғарғы киноактерлер мектебін бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында және Қазақ радиосында қызмет етті.

1953ж. М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданды. Сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет ететін, актерлік диапазоны кең актриса ұлттық драматургия бен дүниежүзілік классикадан сан қырлы 100-ден аса бейне сомдады.

Сахнадағы рольдері: ұлттық классика мен заманауи драматургияда – М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айман, «Қарагөзінде» Қарагөз, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясында» Ақтоқты, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» драмасында Ева Браун, Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестерінде» Дәмеш, Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!» комедияларында Нұрсұлу, С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалында» Ажар, Д.Исабековтің «Әпкесінде» Қамажай, А.Бекбосынның «Соңғы сезімінде» Ана, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша…» комедиясында Сәлима, т.б.

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда – Шекспирдің «Отеллосында» Дездемона, «Ричард Ш»-де Королева, Горькийдің «Күннен туғандарында» Елена, В.Дельмардың «Өкінішті өмірінде» Анита, Л.Зориннің «Варшава әуендерінде» Гелена, М.Метерлинктің «Соқырларында» Соқыр әйел, тағы да басқа көптеген роль орындады.

З.Шәріпова жасаған сан қилы сахналық бейнелердің ішінде ерекше тұлғаланғаны М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз бейнесі. Бұл бейне актриса шығармашылығының ең жарқын кезеңі болды, оның талантының лирика-драмалық қырын мейлінше ашты. Трагедиялық актриса ретінде де мүмкіндігі мол екенін танытқан рольдерінің ішінде ерекшесі С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалындағы» Ажар болды.

Қазақ өнерінің үлкен тұлғасы З.Шәріпова – көркемсөз оқудың үлкен шебері. Ол ұлттық классикадан радио мен теледидарда көптеген шығарма жаздырды. Мысалы, С.Сейфуллиннің «Аққу әні», М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер Қазақ радиосының алтын қорына енді. Ал оның «Аққудың айрылуы» моноспектаклін осы жанрдағы ерекше табысы деуге болады. Актрисаның балаларға базарлығы – кешкі ертегілері Қазақ радиосының алтын қорында жазулы.

З.Шәріпова киноактриса ретінде де танымал. Ол режиссер Ш.Аймановтың «Дала қызында» Нұржамал, «Біз осында тұрамызында» Дина, режиссер Қ.Әбусейітовтің «Өмір жолында» Хадиша, Б.Шәріптің «Заманай мен Аманайында» Ана, тағы да басқа бірталай кинофильмге, сондай-ақ режиссер Ә.Мәмбетовтің «Абай» телефильміне түскен.

Ұлттық өнерге сіңірген ерекше еңбегі үшін З.Шәріповаға Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі (1959), Қазақ КСР халық артисі (1966) құрметті атақтары берілді. «Құрмет белгісі» (1959), «Халықтар достығы» (1981) және тәуелсіз Қазақстанның «Отан» (2005) ордендерімен, сондай-ақ бірнеше дүркін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер