BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мемлекеттік қуыршақ театры 83-ші маусымын ашады

Бүгінгі таңда 80 жылдан астам тарихы бар өнердің қара шаңырағы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 2017 жылдың 5 қазан күні сағат 16.30-да салтанатты түрде кезекті 83-ші маусымын ашады.

Аталмыш мереке театр артистерінің қатысуымен театр фасадындағы ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Бөшке» драмасының негізінде режиссер Р.Жаныаманов сахналаған көрініспен бастау алады.

Сондай-ақ, сағат 17.00-де Евгений Ионовтың «Ана жүрегі» спектаклінің премьерасы көрермен назарына ұсынылады. Қоюшы режиссері – Антон Зайцев. Қоюшы суретшісі – Сергей Мельцев. Сахналық биін қойған – Гүлжан Дәулетқұлова. Аталмыш қойылым арқылы режиссер А.Зайцев қуыршақ театры сахнасына жаңа леп әкелді. Пьесаның мазмұны ауыр болғанымен, беретін тәрбиесі мол. Кез келген жастағы көрерменнің көңілін оятып, жүрегіне иман ұялатпақ. Анадан туған жалғыз ұл жоқшылықты місе тұтпай, ар көріп, анасына қарсы шығады. Тас қаланың тас жүрек жастарына қосылған жетесіз ұл, ұлым деп еңіреген ананың көзжасы қойылымның басты идеясын ашып көрсетпек. Баласының туған күніне қолында қалған жалғыз жанып тұрған балауыз шырақты сыйға тартпақ болған ана жүрегі сол шырақпен бірге сөнеді. Режиссер Антон Зайцев осы бір шынайы өмірді қуыршақ сахнасында қуыршақ тілінде сөйлетпек.

Ана бейнесінде – актриса Толқын Тлеулиева, қуыршақ бала – актер Рүслан Абу және көпшілік сахнада театр артистері өнер көрсетеді.

82-ШІ МАУСЫМ ЖЕТІСТІКТЕРІ:

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры бүгінгі таңда әр бағытта, әр жанрда жұмыс жасап келеді. Биылғы жыл театр үшін ерекше шығармашылыққа толы жылдың бірі болды. Өнер ордасы кезекті еңбек демалысында 82-ші маусымын жаппастан үздіксіз жұмыс атқарып, өз көрермендерін күнделікті қойылымдарымен қауыштырды. Маусым барысында 4 мемлекетке жолдама алып, төменде көрсетілген халықаралық театр фестивальдеріне қатысты:

25-29 мамыр аралығында Бішкек қаласында (Қырғызстан) өткен драматург, режиссер қуыршақ театрларының негізін салушы Виктор Александрович Швембергердің 125-жылдығына орай ІІ Халықаралық «Так-теке» қуыршақ театры фестивалінде режиссер Қубанычбек Адилов сахналаған А.П.Чеховтың «Каштанка» қойылымымен қатысып, «Классикалық шығарманы қуыршақ жанрында көрсеткені үшін» және «Ең үздік режиссура» номинациясын иеленді;

28 мамыр Молдавия елі, Кишинев қаласында өткен «Под шапкой Гугуцэ» Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Ешмұратова сахналаған «Қаңбақ шал» қойылымын 25 мемлекеттен келген өнер өкілдеріне көрсетіп, «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» және театр директоры Есеналиев Талғат «Үздік менеджер» дипломымен марапатталды;

Маусым айында Татарстан қаласындағы өткен ХІІІ түркі халықтарының «Наурыз» фестиваліне драматург Әлібек Файзуллаұлының «Алтын адам» (реж.: Ю.Уткин) эпикалық спектаклімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды;

28 шілде мен 7 тамыз аралығында Анкара қаласында (Түркия) өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қуыршақ думан» (реж.: Қ.Ешмұратова) қойылымымен қатысып, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшісінің атынан «Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Түркия Республикасында қазақ мәдениеті мен өнерін танытуға қосқан үлесі үшін» атты арнайы алғыс хатпен марапатталды.

Фестивальдер барысында театр ұжымы фестиваль қатысушыларымен жан-жақты тәжірибе алмасып, бүгінгі күнде балалар тақырыбында жазылған пьесаларды талқылап, кәсіби театр мамандары ұйымдастырған шеберлік-сағаттарына қатысты.

Сонымен қатар, елордамыз Астана қаласында өткен «EXPO-2017» мамандандырылған Халықаралық көрмесін ілгерілету мақсатында Алматы қаласы мәдениет және архивтер басқармасының қолдауымен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры маусым айының 12-16 жұлдызы аралығында астаналық кішкентай көрермендерге театр репертуарындағы М.Поливанованың «Көңілді қонжықтар» (реж.: В.Беркин, Г.Ілиясова), Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» (реж.: Р.Жаныаманов) қиял ғажайып ертегісін тарту етті. Қойылымдар қазақ және орыс тілінде жүрді.

2017 жылдың 2-8 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық жас режиссерлердің форум-фестиваліне режиссер Рүстем Жаныаманов сахналаған Ж.Омарвтың «Құлыншақ пен Бөлтірік» ертегісімен қатысып, театр ұжымы арнайы дипломмен марапатталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында театр ұжымы сәуір айының 9-13 күндері аралығында Талдықорған қаласында, қыркүйек айының 11-13 күндері аралығында Көкшетау, 14-17 күндері аралығында Астана қаласында өзінің кезекті гастрольдік сапарын өткізеді.

83-ШІ МАУСЫМ ЖОСПАРЫ:

Қазан айының 20-24 аралығында Түркия елінде өтетін ІІІ Халықаралық театр фестиваліне «Арыстанның үрейін қалай емдеу керек?» (авт.: М.Дългечева, реж.: Э.Тотева-Андотова) және «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) қойылымдарымен қатысуды жоспарлап отыр.

Жаңа маусымда театр ұжымы режиссер Р.Отарбаевтың «Сағыныш шөбі», Е.Жуасбектің «Тоба» қойылымдарын, Б.Жораевтың «Батыр мен Алабай», «Қожа мен спорт», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», А.Гофманның «Щелкунчик» атты туындыларын кішкентай көрермендерге сахналап, тарту етпек.

Аталмыш өнер ұжымының қашан да ізденіс үстінде екендігін театрдың бүгінгі тынысынан байқаймыз. Сахналанған жаңа қойылымдарды арнайы театр сыншыларының сараптамасынан өткізуді әсте дағдыға айналдырған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер