BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астанада «Қайырымды қаладағы қарлығаштар»

Кешеден бері Астанадағы Оқушылар сарайында Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театры қос бірдей қойылым қойып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Біріншісі – «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» (драма-абстракция), басталуы: 19-00. Екіншісі – «Мұңмен алысқан адам» (драма-элегия), басталуы: 17-00.

Екі туындының да авторы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы – Қазақ Республикасының Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Қыраш аулында дүниеге келген. Әбу-Насыр Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінің түлегі. Жиырмадан астам прозалық және драматургиялық тарихи, заманауи кітаптардың авторы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты, Қазақстан жазушылар одағының пленум мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының және көптеген әдеби сыйлықтардың иегері.

«Қайырымды қаладағы қарлығаштар» драма-абстракциясы 2017 жылы Мәдениет министрлігі жариялаған байқауда бәйге алған. Бұл туындыда қазақ елінің тәуелсіздігінің тұғырлы болуы жолындағы жанқиярлық күрес пен Астананың сәулетті қала болып тұрғызылуы, осы жолдағы түрлі қиыншылықтар мен кедергілер сөз болады. Пьесаның бас кейіпкері – Сәулеткер жігіт арқылы қилы-қилы қиындықтар мен тартыстар желіленеді. Мұнда қазақ елінің қала салу жолындағы арманы Әбунасыр әл-Фараби, абыз Ахмет Иассауи, тіпті хан Абылай заманында көкейді толқытқаны туралы толғаныс әсерлі баяндалған. Спектакльдің премьерасы Қостанай облыстық драма театрында осы жылдың 30-тамызы күні болды. Режиссер – Ержан Қауланов.

«Мұңмен алысқан адам» драма-элегиясы өткен ғасырдың 30-жылдарындағы аласапыранда туған топырақты тастап қашқан бір отбасының аянышты тағдыры арқылы бүкіл қазақ бастан кешкен ауыр жағдай айтылады. Бас кейіпкер Асан қария жасы 80-нен асқанда туған еліне қайтаруды арман етеді, ал екі ұлы Марат пен Елжан арасындағы пікір тайталасы арқылы бүгінгі күнгі жастардың екі түрлі ойлайтыны ашып көрсетіледі. Марат елге қайтуға түбірімен қарсы, ал Елжан – әке арманын орындағысы келеді. Осы талас үстінде өмірдің көп шындығы ашылған. Ең ақырында Елжан әкесін қазақ топырағына жеткізеді.

Туындының негізгі идеясы – туған жерді сүю және азаматтық бейнеңді сақтап қалу төңірегінде өрбіген. Режиссер – Ерсайын Төлеубай.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер