BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Үлгілі жанұялар берік отбасын құру құпиясымен бөлісті

Фото: Автор

Көкшетауда мерейлі отбасы мүшелерінің қатысуымен ерекше ток-шоу ұйымдастырылды. Оған қатысқан қолөнер шебері Дәмелқазы Әпесхан, өнер саласының майталманы Төкен Ілияс және 12 жетім баланы бауырына басқан Қабылбаевтар әулеті өмірлік өнегелерімен бөлісті, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тiлшiсi.

Әр отбасымен әңгілемесер алдында олар жайлы түсірілген бейнеролик көрсетілді.

Марат Қабылбаев өзімен бірге сәбилер үйінен бауырына басқан төрт баланы ала келіпті. Түрлі ұлт өкілдері болса да, ұлдары қазақша сөйлейді. Есімдерін де қазақша қойған. Тоғыз жыл бойы бала сүю бақытынан айрылған Марат пен Орынбасар дүниеге бір ұлы келгеннен кейін жүрек жылуын баласына ғана емес, жетімдер үйіндегі жаутаңкөздерге де арнауға бел буыпты. Осылайша 12 баланы асырап алған. Марат әлеуметтік желі арқылы жетімдерді жебеу туралы өз ойын жазып тұрады.

Фото: Автор

«Мінезі әртүрлі, ұлты мен дәстүрі басқа, тіпті қаны да әртүрлі орыс, түркімен, украин балаларын асырап ала жүріп, әрбірін зерттеп, күнделікті әрекеттерін, тәрбиелеу бағытын қағаз бетіне басып жүрдім. Осылайша «Покажи мне небо» деген кітап шығардым. Бүгінде шетелдік азаматтар да хат жазып, бала асырап алу жайлы ақыл-кеңес сұрайды. Мақсатымыз перзентімдей болған жетімектерді үйлендіріп, тұрмысқа беріп, немере сүю», - дейді Марат Қабылбаев.

Бүгінде Марат Қабылбаев «Ребенок должен жить в семье» қоғамдық қозғалысының белсенді мүшесі, «Казахстан без сирот» жобасындағы usynovite.kz сайтын ашып, жетім балаларды бауырға басу туралы үгіт-насихат жүргізіп келеді.

Дәмелқазы Әпесхан мен Қазиза Жекенқызы тарихи Отаны – Қазақстанға Қытай Халық Республикасынан көшіп келген. Төрт бала тәрбиелеп өсірген. Олардың әрқайсысы музыкаға бейім. Ән шығарады,әрі өздері де ән салады. Ұлдары Жанатқазы, Маратқазы композиторлар болса, Айтқазы домбырашы. Кенже қыздары Гүлжайна мәдениет қызметкері. Отағасы Дәмелқазы ата-бабасынан мұра болып қалған қолөнермен шұғылданып, ат әбзелдерін жасайды. Ал Қазима Жекенқызы үйге қажетті төсеніш, көрпе, тұскиіз жабдықтарын қолдан өреді.

Фото: Автор

«Келіндерім өте инабатты. Бастарынан орамалдары түспейді. Ол да ата-анаға деген сыйластықтың белгісі. Біз «еліміз бізге не береді деп емес, біз елімізге не бере аламыз?» деп жүрген жандармыз», - дейді Дәмелғазы Әпесхан.

Қытай елінен ата-баба жеріне қоныс аударған тағы бір отбасы – Төкен Ілияс пен Күлниса Әбдікәрімқызы. Қытайдың «Әйгілі адамдар» атты Алтын кітабына есімі енген әнші сахнада «Ана туралы жырды» орындап, көрерменді толқытты. Бұл отбасының балалары да көпшілікке үлгі боларлық. Қыздарының бірі ғылым докторы, енді бірі кәсіпкер, ал ұлы табысты қызметкер. Отағасы берік отбасын құру жайлы, ал отанасы ақылмен бәрін реттеуге болатыны туралы ой бөлісті.

Фото: Автор

«Осы уақытқа дейін біраз жердің дәмін таттық. Жұмысымызда да абырой мен беделге кенде болған емеспіз. Алайда бақытқа бірден қол жеткізе қойдық десем, тым асырып жібергендік болар еді. Біз де жас болдық, өмір жолында кездескен қиындықтарды теңдей көтеріп, жеңе білдік. Отағасы отбасымызда үйдегі тәртіп те түздегі тәртіптей қатаң болғанын талап етті. Балаларым тәртіптің арқасында тәрбиелі болып ержетіп, өмірден өз орындарын тапты. Жалпы, әйел ерін әрқашан қолдап отырса, балалардың да әкеге деген құрметі артады»,– деп ой түйеді Күлниса Әбдікәрімқызы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер