BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түркістанда үй қымбаттай бастады – Түймебаев

Фото: Автор

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына ауысатын болса, сол жаққа қоныс аударатындар көбейеді. Үй бағасы көтеріледі. Бұл туралы ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттің миллионыншы тұрғынына пәтер кілтін табыстау кезінде айтты, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Шымкент халқының саны бір миллион тұрғынға жеткеннен кейін Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алады. Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Түркістан қаласына көшіру жөніндегі алғышарттар басталды.

«Түркістан Қазақстанның рухани астанасы әрі тоғыз жолдың торабында орналасқан. Қала ішімен теміржол, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізі өтеді. Қазірдің өзінде Түркістаннан Қызылорда мен Ақтөбе облысының тұрғындары жеміс-жидек, көкөніс пен көптеген тауар сатып алып кетіп жатыр», - деді облыс әкімі Ж. Түймебаев.

Сондай-ақ, облыс әкімінің сөзінше, облыс орталығын Түркістанға көшіру Шымкенттегі мемлекеттік қызметкерлердің жұмыссыз қалу мәселесін туындатпайды.

«Шымкент – республикалық дәрежедегі қала болғандықтан, мұндағы штат саны көбейеді. Сондықтан бұл мәселе болмайды. Қазір Түркістанға барып жер алушылар, үй алушылар, ғимарат сатып алушылар көбейді. Үйдің бағасы көтеріліп кетті. Кезінде Астанаға байланысты сондай әңгімелер айтылған. Мен 1997 жылы Астанаға Президент әкімшілігі құрамында алғаш болып барғандардың бірімін. Ал Астана мен Түркістанның ауа райын салыстырсаңыз, ерекшелігі бар. Сондықтан ертең Түркістанға адам толып кетеді», - деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттің республикалық маңызы бар қала атанатыны, осы орайда ОҚО-да облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру мәселесі қаралғанын хабарлаған едік. Сонымен қатар Түркістан қаласының ауылдары Кентау қарамағына өтетіні де белгілі болды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер