BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.29 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.93
Астана:

Түркістан сәулетінен ортағасырлық қазақ стилі көрініс табады – Түймебаев

«Бізді құтқарып тұрған – Яссауи кесенесі, Яссауи есімі». Бұл – Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың Түркістан қаласында өткен дөңгелек үстел отырысында айтқаны. Түркістан қаласы – тек облыстың емес, күллі Түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналып, турист ағылатын мекенге айналуы үшін қандай шаралар атқарылып, нені қолға алуға тиіспіз? Осы жəне басқа да өзекті тақырып төңірегінде Baq.kz тілшісі саралап көрді.

«Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани және мәдени орталығы ретінде дамыту» тақырыбына арналған дөңгелек үстелге Қазақстан мен Түркияның сәулетшілері мен суретшілері, тарихшылары мен археологтары жиналды. Бәрінің талқылағаны бір тақырып: облыс құрамындағы қала дәрежесінен облыс орталығына айналып шыға келген Түркістан қаласын терең тарихымен үйлестіре отырып дамыту. Бас жоспарды қаланың тарихи орындары мен рухани-мәдени мән-мазмұнына бағындыра отырып әзірлеу. Бұл үшін облыс әкімі Түркістанның қанық тарихшылар мен археологтардың, философ ғалымдардың ұсынысын тыңдап, сәулетшілердің пікірін білді.

5 айда 500 мың турист келген

Түркістан – Түркістан облысының орталығы әрі республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие Шымкент қаласының солтүстік-батыс жағында 160 шақырым қашықтықта орналасқан қала. 1500 жылдық тарихы бар, бірқатар тарихшылардың айтуында 2200 жылдық тарихы бар қаланың негізгі мақтаныштарының бірі – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі.

Сонымен атағы әлемге жайылған кесенеге зиярат етіп келетін, сәулетіне тамсанып жететін туристердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Түркістан қаласы әкімдігінің таратқан мәліметінше, туризм саласы қаланың негізгі табыс көзіне айналып келеді.

«2016 жылы қалаға 1 млн 60 мың турист келсе, 2017 жылы 1 млн 144 мың турист келді. Осы туристерге көрсетiлген қызмет түрлерінен 5 млрд 300 млн теңге табыс түсiп, туризмнiң үлесi қала экономикасының ұлғаюына өз пайдасын тигізіп отыр. Туристiк нысандарды көбейту және сервистi жетiлдiру бойынша заманауи үлгідегі 3 бірдей қонақ (Евразия, Ханака, Алтын ұя) үй iске қосылып, қалаға келген қонақтарға жоғары деңгейлi сапалы қызмет түрлерін көрсетіп жатыр. Ал 2018 жылдың 5 айында 520 765 зияратшылар мен туристер келді. Оның 10 435 адам алыс-жақын шетел азаматтары. Туристерді орналастыру және оларға көрсетілген қызметтерддің құны 45,0 млн теңге болды. Бұл туризмнің үлесі қала экономикасының ұлғаюына өз пайдасын қосып отыр. Келген қонақтардан 5 айда 2005,9 млн теңге қаржы түсті» делінген» - делінген Түркістан қаласы әкімдігінің мәлімдемесінде.

2016 жылы Түркістанда 708 адам қабылдайтын 12 қонақ үй болса, былтыр тағы үш қонақүй ашылғанынан кейін жалпы орын саны 889-ға жеткен. Биыл тағы бір қонақ үй ашылады екен.

Түркістанға келген турист қайда барады?

Түркістанға жеткен туристің алғаш барар орны – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Бірақ Түркістанда турсапар тек бір кесенемен шектелмейді. Осы кесене орналасқан Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында көптеген ортағасырлық нысандар бар. Мұның бәрін кесене орналасқан аумақтың кіреберісіне ілінген мына мәлімет тақтасынан көруге болады.

Мәлімет тақтасында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан аумақта жаяу жүріп, аралап жетуге болатын нысандардың атауы мен орны көрсетілген. Ал бұдан бөлек Түркістан қаласының аумағындағы қасиетті орындар да бар. Бұлардың толық тізімі төменде келтірілген.

Түркістан қаласы және оның аумағындағы қасиетті жерлер

1. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ХIV ғ. соңы

2. Қылует жер асты мешіті ХІІ ғ.

3. Әулие Құмшық ата қылуеті ХІІ ғ.

4. Шілдехана ХІV ғ.

5. Сегіз қырлы кесенесі ХІV- ХVІ ғғ.

6. Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі ХV ғ.

7. Атаусыз кесене (сағана) ХVІ ғ.

8. Шығыс моншасы ХVІ- ХVІІІ ғғ.

9. Жұма мешіті ХІХ ғ.

10. Гауһар ана кесенесі ХІІ- ХІV ғғ.

11. Әлқожа ата кесенесі ХІІ- ХІV ғғ.

12. Жүсіп ата кесенесі ХІІ-ХІV ғғ.

13. Үкаша ата кесенесі мен құдығы ІХ-Х ғғ.

14. Имам Марқозы кесенесі ХІХ ғ.

15. Меңдуана ата кесенесі ХІХ ғ.

16. Жылаған ата бұлағы мен үңгірі

17. Сауран қалашығы XII-XVI ғғ.

«Түркістан – түркі дүниесіне үлгі болады»

2018 жылдың 19 маусымында Елбасының жарлығымен Түркістан қаласы – Түркістан облысының әкімшілік орталығы ретінде бекітілді. Содан кейін Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспар Тұжырымдамасын әзірлеуге халықаралық конкурс жарияланды. Мұнда облыс орталығы ретінде Түркістан қаласының ұзақ мерзімді аумақтық дамуы, мәдени-тарихи мұрасының сақталуы бойынша сапалы шешімдер ұсынылады. 11 шілде-11 тамыз аралығында өткізілетін конкурсқа ұсынылған жобалар көрмесі 15-20 тамызда Түркістанда өтеді. Конкурстың жүлде қоры (салықтарды қоспағанда) 40,0 млн теңгені құрайды.

Конкурс екі айдың ішінде өтеді. Бас Жоспар екі кезеңге: біріншісі - 2035 жылға дейін, екіншісі- 2050 жылға дейін деп бөлінеді. Биылғы қыркүйекке дейін Бас жоспардың тұжырымдамасы әзірленеді. Үздік тұжырымдама анықталған соң, оны жүзеге асыруға байқау жарияланады.

Түркістанда өткен дөңгелек үстелде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сол Бас жоспарды әзірлегенде тарихшылар мен археологтардың, сәулетшілердің пікірі ескерілетінін айтты.

«Бүгінде Түркістан – Қазақстанның рухани орталығы. Енді біз осы Түркістанды күллі түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығына айналдыруымыз керек. Түркістан – түркі дүниесі үлгі болуы қажет. Біз тарихымызды көрсетіп, мойындатуымыз керек. Өйткені, бізді құтқарып тұрған – Яссауи кесенесі, Яссауи есімі. О кісінің рухы, атағы, беделі – қандай мықты архитектуралық ғимараттар болса да, солардан жоғары. Сондықтан да осы Яссауи үшін Түркиядан, Малайзиядан, Индонезиядан миллиондаған туристер келуге дайын. Біз сол үшін көлік қатынасы мен сервисті реттеуіміз қажет. Ал Түркістанның Бас жоспарын әзірлегенде біз оның архитектуралық бет-бейнесінің сақталуына мән береміз. Келген адам Түркістаннан жергілікті мәнерді көргісі келеді. Біз Түркістан айналасынан үлкен жасыл аймақ жасаймыз. Оазиске айналдырамыз. Салыстыра қарасақ, Түркістанға келуші зияратшылардың саны басқа қалаларға келушілерден әлдеқайда көп. Біз соларды Түркістанда қондыруымыз керек» - деді әкім.

Әкімнің айтуынша, Түркістанның даму аймағы үшке бөлінеді. Ол:

1. Қ. А. Яссауи кесенесі аймағы;

2. Кесене айналысындағы мәдени-рухани аймақ;

3. Әкімшілік-іскерлік орталық аймағы

«Қаланы осы үш аймақ бойынша дамытамыз. Түркістан қаласында салынаты тұрғын үйлердң ешқайсысы көп қабатты болмайды. Себебі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Барлық жерде мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ, баспаналар Орта-Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Соның ішінде Түркістанда бой көтеретін ғимараттарды ортағасырлық қазақ стилі, қазақ мотивтері, қазақ оюлары кірпіштерде, қабырғаларында көрініс табуы тиіс. Біз мына Тараз, Сайрам, Отырарда аршылған сәулет ескерткіштерінің қабырғаларындағы кірпіш мәнерін осы Түркістандағы ғимарат құрылысына жинақтауымыз керек. Сол кезеңнің иісі шығып тұруы тиіс. Ал құрылысқа пайдаланылатын материал сол кезеңге ұқсас болуы қажет. Кірпіштерді сол замандағы пішінге ұқсатып құямыз. Мұны жасау қиын емес. Бір қаланған кірпіш өмірлік болып қалуы қажет. Сонда еліміздегі, кем дегенде, бір қала осындай ескі келбетпен бой көтереді. Түркістанға келген тұрғын – ортағасырлық қалаға келгендей күй кешеді. Ал Түркістан қаласының әрбір тұрғыны өз шамасы келгенінше үйін дұрыстап, ағашын егіп, көріктендіруге қатысуы шарт. Қаладағы қажетсіз құрылыстардың бәрі де тоқтатылады. Кесене тұрған 88 гектар аумақ ЮНЕСКО-ға қарайды. Сондықтан о жердегі көп нәрсеге қол тигізе алмаймыз. Ал айналасындағы жерді келген туристер үшін демалыс аймағына айналдыруымыз қажет. Түркістан қаласын жаңа әуежай, жаңа теміржол вокзалы мен автовокзал салынады. Сондықтан да осындай керемет қаланы салу – Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асады. Инвесторларды түрлі қонақүйлер, шығыс үлгісіндегі дәмханалар мен мейрамханалар салуға шақырамыз», - деді Жансейіт Түймебаев.

Бұдан бөлек, әкім Қ.А. Яссауиға қатысты жарияланған құнды жәдігерлердің көптігінен арнайы Яссауи музейі салыну қажеттігін де айтып өтті. Сондай-ақ, Ж. Түймебаев Елбасы тапсырмасының аясында республиканың әрбір облысы Түркістан қаласына бір ғимараттан салып, сыйға тартатынын жеткізді. Мысалы, Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев Түркістанда «Астана» саябағын салу ұсынысын білдіріпті.

«Ғалымдар Түркістан тарихы 2200 жыл екенін дәлелдеп отыр»

Дөңгелек үстелде Ж. Түймебаевтың алғысөзінен кейін Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Әбішұлы Байтанаев сөз алды. Ол бүгінде ғалымдардың Түркістан қаласының тарихы 1500 жыл емес, одан да әрі, 2200 жыл екенін дәлелдегенін хабарлады.

«Ақсақ Темір Түркістан – түркілердің ордасы екенін біліп, осында Қ.А.Яссауи кесенесін салды. 21 ғасырдың басында Түркістанның 1500 жылдығын тойладық. Сол кездегі мәліметтерге қарай, Түркістанның жасы 1500 жыл деп аталып кетті. Бірақ, бүгінде археологтар, атап айтқанда Ерболат Смағұлов Түркістанның жасы 2200 жыл екенін дәлелдеп отыр. Кезінде Сырдария бойындағы Шірік-Рабат мәдениеті күйреп, сонда мекен еткен сақ тайпалары Сырдарияның бойымен жоғары өрлеп, осы маңда қалалар қатарын толықтырды. Оның бірі Түркістан болса, бұдан бөлек Тараз бен Шымкент қалалары бар. Түркістанның төңірегі – тұнған тарих, бітпейтін археология, жатқан байлық. Ал енді осы қаланың Бас жоспарын әзірлегенде – ең алдымен – археологтар, реставраторлар, сәулетшілер қала картасында қай жерде қандай археологиялық қазбалар жүргізілгенін, қандай тарихи ескерткіштер табылғанын, қандай тарихи орындар барын көрсетіп, белгілеп беруі қажет. Ең басты ұсыныс – Түркістан қаласының Бас жоспарын әзірлеу барысында қаланың археологиялық сараптамасын өткізіп, бәрін ескеру керек. Әйтпесе, кейін сол тарихи ескерткіштер жойылып кетуі мүмкін. Түркістанның топырағы – археологиямен тығыз байланысты. Біз мына Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағындағы ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етуіміз керек. Мен мұнда сәулетшілермен сөйлессем, мына Шойтөбе көне қаласының аумағынан теміржол түседі екен. Теміржол жүргізбес алдын, археологтармен кеңесіп, оның мәдени қабаты қай жақта, қорғау зонасы қай жерде және тағы басқа шарттарын ақылдасу керек. Яғни, Бас жоспарды әзірлегенде бар тарихымызды жоғалтып алмауды басты назарға алуымыз қажет»,-деді Бауыржан Байтанаев.

«Қазақ әлемі Түркістан топырағынан басталады»

Түркістанда рухани туризмді дамыту үшін Яссауи мәдениетінің түп-тамырына үңіліп, мән-мағынасын, мазмұнын қайта жаңғырту қажет. Мұндай пікірді теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай айтты.

Ол Түркістанда 21 хан мен көптеген би-батырлардың жерлену себебін – бұл жердің Бақыт есігіндегі астана деген сенімге ие екенімен түсіндірді.

«Бізде Мәуренахр және Фараб деген аймақ болған. Мәуренахр аймағының орталығы – қазіргі Самарқан мен Бұқара. Ал Фараб аймағының орталығындағы ең басты ғимарат – осы Ақсақ Темірдің бізге сыйлаған Құл-Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Тарихта Фараб аймағында 52 қала туралы айтылады. Ал біз әлі күнге дейін Фарабты мына кішкентай Отырармен ғана өлшейміз. Ал мұның аймағы сонау Тараздан басталып, Аралға дейін жалғасады. Фараб аймағы дегеніміз – табиғи қорған. Оң жағында – Қаратау, сол жағында – Сырдария. Бұл Ұлы Жібек жолының бойы, амандығы, осы аралықта қауіпсіздігі сақталған аймақ. Ал осы Ұлы Жібек жолы бойындағы ең атақты қала – Түркістан. Ал Түркістанға тарихи зиярат сонау ертеден басталған. Бұған тарихи деректеріміз де бар. Сонау 12 ғасырларды Түркістан Фараб аймағының стратегиялық орталығы ретінде айқындалған. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біздің өздің әлеміміз – қазақ әлеміміз бар. Ал сол қазақ әлемінің бастауы осы Түркістан топырағы. «Қазақ әлемі неліктен Түркістан топырағынан басталады?» десек, Қала және Дала концепциясы бар. Бірақ, біздің тарих ғылымы бұл концепцияны әлі күнге дейін мойындай алмайды. Өйткені, методологиясы басқа. «Дала мен Қаланың тұтастығы» деген сөз – қазақтың тарихи санасы бар» деген сөз. «Қазақтың мемлекеттігі бұрыннан бар» деген сөз. «Қазақтың құндылықтары бар» деген сөз. Ал біздің кешегі ұрпақ «қазақта тарих болмаған, қазақта мемлекет болмаған, қазақта мәдениет болмаған» деп көрсетеді. Ал қазақ мәдениетінің 18 қабаты бар. Соның соңғы қабаты – сана. «Сана» деп отырғаны – мына біз, қазақпыз. Біз санамыздың тірі болғандықтан, өзімізді қоршаған құндылықтарды жаңғыртуымыз қажет»,-деді ол.

«Кеңестік музейтану түсінігінен арылатын уақыт жетті»

Ғалымның сөзінше, қазақ әлемі туралы айтқанда Алаш ұғымы да қатар айтылады. Түркістанда Алаш туралы музей жасалуы тиіс. Сонымен қатар Яссауи ілімінің және мәдениетінің феноменологиясын қайтадан жаңғырту керегіне тоқталды. Бұл үшін не істейміз?

«Біз мына кеңестік музейтанудан бас тартуымыз керек. Әлі күнге дейін кеңестік шаблон жалғасып келе жатыр. Мысалы, мына тұрған кесенеге жәдігер ретінде ғана қараймыз. Ал ол кесененің өз тарихи функциясы болған. Сол таризи функциясының бар 100 пайыз болмаса да, 30 пайызын жаңғыртсақ, үлкен нәтижеге қол жеткіземіз. Кесене ішіндегі тайқазанның фукнциясын анықтауға әлі күнге дейін ешкімнің құлқы жоқ. Ол тайқазанда ешқашан ет асылмаған, астына от жақпаған. Тайқазанның ішіне су толтырған. Жиналған жамағат сол жерде зікір салған. Зікір салғанда Алланың аты айтылады. Алланың аты айтылған кезде судың табиғаты өзгереді. Су тазарады екен. Сол судан өздері ішіп және келгендер ішеді. Егер соны қазір де заманауи стильде берсе, туристер тартылады. Бүкіл Еуропа мен бүкіл Шығыс қызығып, келе бастайды. Қазір бізде сопылық ілім саясатқа айналып кеткендіктен, зікір мәселесін театрландырылған сахналанған түрде қайта жаңғыртсақ, туристер қызығады. Бізде 27 түрлі театрландырылған сахна құруға болады. Оның бәрін Яссауи кесенесінің ішінен құра алмаймыз. Сол үшін де Қожа Ахмет Яссауиге арналған заманауи музей ашып, соның ішінде жүзеге асыруға болады. Құл-Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішіндегі бөлмелердің де өз функциясы болған. «Хандар сол бөлмелерге жерленген, құлпытастары сонда қойылған» деп ойлаймыз. Тарихта олай емес. Ол құлпытастардың ешбірі бөлме ішінде болмаған. Сыртына жерленген. Егер Алаш тарихы музейі ашсақ, қазақтың мемлекеттігіне қызмет еткен тарихи тұлғалардың әрқайсысына жеке-жеке орын арналса, керемет болар еді»,-деді Досай Кенжетай.

«Кесенені қорғап қалу үшін музейге айналдырған»

Қ.А.Яссауи кесенесін музейге айналдырмай, керісінше ішіндегі музейді сыртқа шығару қажет екенін түрколог-ғалым, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек те айтады.

«Өзбекәлі Жәнібеков кезінде кесененің малқораға айналып тұрғанын көрген соң, соны қорғап қалу үшін музейге айналдырды. Енді біз Яссауи музейін жасасақ, теріс болмайды. Бүкіл идеологиялық концепцияны соның ішіне қосуға болады. Яссауи музейі кесененің жанынан түсе ме, басқа жаққа түсе ме, бұл маңызды емес. Ал ол музей – Қазақстандағы басқа музейлер секілді кеңестік көзқараспен салынса, онда тағы да ұят болады. Қазір шетелде музей қалай? Шетелдік музейлер аумағы пәленбай гектар жерді алып жатады. Бала ойнайтын, тамақтанатын, әрі қыдыратын парктері әрі кино көретін орындарына дейін болады. Яссауи музейін Яссауи кесенесің жанына байлап қоюдың қажеті жоқ» дейді Құлбек Ергөбек.

Талай жылдардан бері Түркістан қаласында тұрып, қаланың тыныс-тіршілігіне әбден қаныққан ғалым мұндағы су жүйесін ретке келтіруді де ұсынды.

«Өсетін Түркістанды қазіргі таңдағы су жүйесі қамти алмайды. Түркістанды сумен қамтамасыз ету жүйесін ретке келтіру қажет. Мына Қаратау етегінде бұлақ көп болған. Соны қалпына келтіріп, бұлақ көзін ашып, су тарту керек. Екіншіден, Түркістан – үлкен теңіз үстінде орналасқан қала. Мұнда 1000 метр тереңдікте өте үлкен жер асты су қоры бар. Соған ұңғыма қазып, су шығаруға болады» - деді Қ. Ергөбек.

Ол сөз соңында Түркістаннан Түркі халықтарының қалашығын салуды да ұсынды. Айтуынша, арнайы жер бөлінсе, мемлекеті бар не мемлекеті жоқ түркі халықтарының сонда өз өкілдіктерін ашып, өздері дамытуына жағдай жасауға болады.

Ұлы Жібек Жолының картасын сыйлады

Дөңгелек үстелде ғалымдар тарапынан тек ұсыныс-пікір айтылып қана қоймай, сый-сияпат та жасалды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа Ұлы Жібек Жолының картасын салтанатты түрде тапсырды. Бұл құжат XV ғасырда салынған.

«Осыдан 4-5 жыл бұрын Алматыдағы ғылым академиясында тарихқа қатысты үлкен жиын өтті. Оған Қытайдағы Бейжің университетінің профессоры Линь Мэйцунь де қатысты. Біздің тарихымызды тыңдап, арнайы шақырғанымызға риза болған ол сонау XV ғасырда басылған картаның көшірмесін сыйға тартты. Әлемде бұл картаның көшірмелері бір қолдың саусағының санына да жетпейді. Ал, түпнұсқасы Гонконг банкінде сақтаулы тұр. Оның құны – 20 миллион АҚШ доллары. Қытай профессоры өзіндегі екі көшірменің біреуін бізге сыйлады. Картада Ұлы Жібек Жолының бойындағы ірі қалалар мен өзендер белгіленген. Ішінде Түркістан қаласы да бар. Болашақта Түркістан облысының орталығы – Түркістанда үлкен музей салынатынын естідім. Сондықтан осы аса құнды жәдігерді Түркістандағы музейге тапсыруды жөн деп таптым», - деді Хангелді Әбжанов.

Құнды жәдігерді қабылдап алған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Бұл карта мұражайымыздың төрінде тұрады. Түркістан қаласы туралы жәдігерлер мен археологиялық байлықтар болса бізге әкеліп тапсырыңыздар. Мұражайға қояйық. Ел көрсін. Тарихымен таныссын» дей келе профессорға ризашылығын білдірді.

"Ғимараттардың биіктігі кесененің бірінші керегесінен аспайды"

Түркістан қаласының Бас жоспарын әзірлегенде оны суреттерімен ғана жасап қоймай, алдын Түркістанның қандай қала болатыны туралы ережесі болуы тиіс.

Бұл ұсынысты ҚР Құрметті сәулетшісі Ғабит Садырбаев жеткізді.

«Түркістан қаласындағы ғимараттардың биіктігі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бірінші керегесінен биік болмауы керек. Бұл жалпы халықаралық ереже. Ал Бас жоспарды әзірлеушілер соған мойынсұнуы керек. Мына Тегеран қаласын алайық. 20 млн тұрғыны бар қаланың бір түрлі кірпіштен қаланған. Осылайша бірыңғай стилі қалыптасқан. Түркістанды тек рухани қала ғана емес, сонымен қатар ғылыми-технологиялық орталыққа да айналуы керек» - деді сәулетші.

«Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалған

Дөңгелек үстелге жиналған ғалымдар мен сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдаған Ж. Түймебаев енді соның барлығын жүйелеп, жоспарлап, қағазға түсіріп, әкімдікке тапсыруды ұсынды. Сонда әр ұсыныстың Бас жоспар әзірлеу барысында ескерілетінін айтты. Осыдан кейін келген қонақтарға Түркістанның әзірге жоба күйіндегі макеттерін таныстырды.

Бас жоспар жобасында «Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалған.

«Жобаның негізгі идеялық мәні – Түркістан қаласын Түркі әлемінің тарихи астанасы контексінде «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдерге ұсыну. Сонымен қатар, түркітілдес халықтардың сәулеттік, этнографиялық және ұлттық гастрономиялық бағыттарын танытып, қаланы түркі әлемінің мәдени орталығына айналдыру болып табылады»,-деді облыс әкімі.

Әкімнің айтуынша, жалпы жоба 99,6 гектар жер аумақты қамти отырып, үш кезеңде іске асырылады. Бірінші кезеңде Түркия тарапынан салынған мешіттің оңтүстік шығыс бетіндегі 61,8 гектар жер аумағына «Этносаябақ» салу көзделсе, екінші кезеңде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қарсы бетіндегі 12,3 гектар жер аумағында «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтары мен сол елдердің тарихын сипаттайтын нысандардың құрылысын жүргізу. Ал үшінші кезеңде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің 88,7 гектар аумағындағы бекініс қорғаны мен арбатты және оның бойындағы ғимараттарды жаңғырту көзделген.

Фотосуреттер: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер