Түркістан қаласының ауылдары Кентау қарамағына өтеді - Аймақ|05 Маусым 2018, 22:34
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түркістан қаласының ауылдары Кентау қарамағына өтеді

Фото: zakon.kz

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістанға ауысқанда, Түркістан мен Кентау қалаларының шекаралары өзгереді. Дәлірек, Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты 12 ауылдық округтің жері Кентау қаласының аумағына қосылады. Бұл ұсыныс алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма үшінші сессиясында депутаттар қарауына ұсынылды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Сессияда ОҚО әкімдігінің қаулысымен мәслихат қарауына Шымкент қаласы халқының бір миллионға жетуіне орай, оған ерекше мәртебе беру, облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру және осыған байланысты облыстың, Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу мәселелері ұсынылды.

Ұсынысқа сәйкес:

Біріншіден: Шымкент қаласының қазіргі аумағы өзгеріссіз қалып, 116 280 гектар жері ОҚО аумағынан шығарылады.

Екіншіден, ОҚО әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістанға көшіріледі.

Үшіншіден, Түркістан қаласы аумағынан Шаға, Жаңа-Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Ораңғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері мен Ащысай ауылының жері Кентау қаласы аумағына өтеді. Осылайша Кентаудың жаңа шекарасы 774 512 гектарға жетеді. Сәйкесінше, Түркістан қаласының жаңа шекарасы қысқарып, 19 627 гектар болады.

Сессияға қатысқан облыстық мәслихат депутаттарының дені ОҚО әкімшілік орталығын Түркістанға көшіру ұсынысын тарихи оқиға деп бағалады.

«Бұл - жүз жылда, мың жылда бір болатын шешім. Бұл шешімді қабылдаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Қазақстан астанасын Астанаға көшіріп, бір үлкен ерлік жасап еді, міне екінші ерлік. Түркістан 300 жыл Қазақ хандығының астанасы болған. Сол себепті де түркістандықтар қуаныштымыз. Киелі жер. Ел күңіреніп жатыр. Киелі жерде жатқан жатқан хандар мен батырлардың әруағы күңіреніп жатыр. Сол кісілердің әруақтары бәрімізді қолдасын», - деді облыстық мәслихаттың депутаты Рахым Тәңірбергенов.

Сессияда қаралған ұсыныстар халық қалаулыларының қолдауына ие болып, әкімдік пен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданды. Ұсыныстар ҚР Үкіметінің қарауына жіберілді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер