BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.91
Астана:

Тоқмәди iсi: 14 жыл бұрынғы Тәтiшевтiң өлiмi сотта қайта қаралып жатыр

Таразда Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi басталды. Осылайша, 14 жыл бұрынғы қылмыс қайта тексерiлiп жатыр. Ал, 11 жыл бұрын Тоқмәди дәл осы қылмысы үшiн жазадан сытылып кеткен болатын. Кеше Жамбыл облыстық сотында Тоқмәдиден жауап алынып, ол қанды оқиғаның қалай болғанын баяндап бердi. Сонымен, банкир Ержан Тәтiшевтiң өлiмi кiмге керек болды? Оның өмiрi қаншаға бағаланды? Осы және өзге де сұрақтарға айыпталушы мен куәгерлер жауап бердi.

Baq.kz тiлшiсiнiң мәлiметiнше, сот процесi басталмас бұрын Тоқмәди мен оның қорғаушылары отырысты фото және видеоға түсiрмеу туралы өтiнiш жасаған. Сол себептен БАҚ өкiлдерiне жеке бөлме бөлiнiп, тiлшiлерге экраннан көрiп-тыңдауға мүмкiндiк берiлдi.

Сот процесiнiң бiрiншi күнi айыпталушы бизнесмен Мұратхан Тоқмәди мен iске қатысы бар бiрнеше куәгерден жауап алынды. Кезiнде «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшiсi болған Мұратхан Тоқмәди 2004 жылы «Банк Тұран Әлем» АҚ-тың бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындады.

«Иә, мен кiнәмдi мойындаймын. Жасаған iсiме өкiнемiн», - дедi Тоқмәди.

Мұратхан Тоқмәди өз әрекеттерiне оның отбасына Мұхтар Әбләзов тарапынан жасалған қоқан-лоққы мен ақшалай сыйақы итермелегенiн айтты. Ол жақындарының өмiрi үшiн қорыққанын жеткiздi.

«Ол (Әбләзов-авт.) қоқан-лоққы көрсеттi. Мен және менiң отбасым бұл қысымнан қорықтық» - дедi Тоқмәди.

Бизнесмен Мұхтар Әбләзовтен Ержан Тәтiшевтi өлтiру үшiн 2 траншпен 4 млн доллар көлемiнде сыйақы алғанын да жасырмады. Бұл қаржы 2004 және 2005 жылдары аударылған екен.

«Барлығы оқыс оқиға сияқты көрiнуi тиiс болғандықтан Мұхтар Әбләзов Тәтiшевтi аңшылық кезiнде өлтiрудi тапсырды», - дейдi Тоқмәди.

Айыпталушының сөзiне сенсек, көздеген мақсатқа жету үшiн олар қар жауып, қыстың түскенiн күткен. Сол уақыт аңшылық қыза түсетiн уақыт екенi белгiлi. Тоқмәдидiң айтуынша, ол Тәтiшевпен осы аңшылықты желеу етiп танысып, өз бизнесiн дамытуды да көздеген. Ал, кейiннен ортақ таныстары - Мұхтар Әбләзов Тоқмәдиге Тәтiшевтi өлтiрудi тапсырып, сол кезде қарызға батқан бизнесменге қомақты қаржы ұсынған.

«18 желтоқсан күн Тәтiшев маған хабарласып, аңға шығуды ұсынды. Бiз Жамбыл облысы Қордай ауданы жаққа баруды шештiк. Ержан Тәтiшевтiң үйiне келгенде оның жеке оққағарлары - Козликин, Ахматолла мен Халиндi кездестiрдiм. Барлығымыз бес адам болып, екi көлiкпен аңға шықтық», - дедi Тоқмәди.

Ал, Тоқмәди және Тәтiшевпен бiр көлiкте отырған банкирдiң оққағары Сергей Козликин оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжей баяндап бердi. Оның айтуынша, олар 2004 жылы 19 желтоқсанда таңертең ерте аңға шыққан. Land Cruiser көлiгiнде үш адам: Тоқмәди, Тәтiшев пен Козликин отырса, екiншi көлiкте екi күзет қызметкерi болған.

«Үшеуiмiз Land Cruiser көлiгiмен жүрдiк. Тоқмәди мен Тәтiшев көлiктiң iшiнен далада жортып жүрген қасқырларға оқ атып отырды. Жол ұзақ әрi жаман болғандықтан орнымызды ауыстырып отырдық. Тәтiшев өзi рөлге отырғандықтан Мұратхан Тоқмәдиге люктен оқ атсын деп оған қаруды бердi. Қару көзi Тәтiшевке қарап тұрған едi. Тоқмәдидiң қаруды алғаны байқалды. Бәлкiм, ол осы сәттi пайдаланғысы келген болар. 2-3 секундта қару дауысы естiлiп, Тәтiшевтiң көлiк рөлiне құлап қалғанын көрдiм. Мен көлiктi тоқтатуғы тырыстым. Ал, Тоқмәди болса сол кезде қарумен отырды және оның сол жақта емес, менiң арт жағыма қарай жылжып кеткенiн байқадым», - дедi Сергей Козликин.

Куәгер Тәтiшевке көмектесуге тырысқанын айтты. Бiрақ, тым кеш болып кеткен едi.

Сергей Козликин 2004-2005 жылдардағы тергеу барысында Мұратхан Тоқмәди оған Тәтiшевтiң өлiмiн өз мойнына ал деп қысым жасағанын айтты. Кейiннен құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң де қысым көрсеткенiн жасырмады. Дегенмен, Козликин өз сөзiнен таймай, «Тәтiшевтi өлтiрген мен емес, Мұратхан Тоқмәди» деген. Бiрақ, 2007 жылы бұл қылмыс «абайсызда жасалған» деп саналып, Тоқмәди ақталып шыққан.

Сондай-ақ, кеше сот процесiнде БТА Банкi басқарма төрағасының бiрiншi орынбасары, кезiнде Мұхтар Әбләзовтың жақын досы болған Жақсылық Жарымбетовтан жауап алынды. Оның да айтуынша, тапсырысты берген - Мұхтар Әбләзов.

Атап өтсек, Мұратхан Тоқмәди 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96 баптың 2-шi тармағының «ж», «з» пунктерi (алдын ала келiсiп, топпен қасақана адам өлтiру) бойынша айыпталып отыр. Iстi Жамбыл облысы бойынша қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Азамат Тiлепов қарап жатыр. Сот процесi дүйсенбi, 19 ақпан күнi жалғасады. Процесте iске қатысы бар куәгерлерден әрi қарай жауап алынады.

Еске сала кетсек, 2017 жылғы 12 маусымда Алматыдағы арнайы операция барысында «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшiсi Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Бизнесмен «Iрi көлемдегi мүлiкке ие болу мақсатында бопсалау» бабы бойынша қылмыс жасады деген күдiкпен құрықталды. Осылайша, сот Мұратхан Тоқмәдидi үш жылға бас бостандығынан айырды.

Бұдан кейiн 2017 жылғы қазанда КТК телеарнасында деректi фильм көрсетiлiп, онда Тоқмәди «Банк Тұран Әлем» АҚ-тың бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындады. Ол Тәтiшевтi өлтiруге Мұхтар Әбләзов тапсырыс бергенiн айтты. Осылайша, Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн БТА банкiн басқарған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер