BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тәуелсіздік күніндегі қуаныш: екі жүзден астам павлодарлық баспаналы болды

Астана, BAQ.KZ. ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Павлодардағы Сарыарқа шағын ауданында екі жаңа тұрғын үй ел игілігіне берілді. Бірнеше жыл бұрын бұл аумақта алюминий зауыты қызметкерлерінің уақытша үйі болған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған жаңа тұрғын үйлерге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары кіріп отыр.

Жаңа пәтерлердің аумағы 40пен 84 шаршы метр аралығында. Бір шаршы метр 125 мың теңгеге дейін бағаланды, бұл Павлодардағы пәтер нарығындағы бағадан 20 мың теңгеге төмен.

Тұрғын үй кілттерін банктің басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов табыстады.

"Біздің клиенттер табысы орташа отбасылар үшін пәтер сатып алудың қиын емес екенін іс жүзінде көрсетті. Ол үшін тұрақты кіріс пен оны дұрыс игеру қажет. Қалған мәселелерді шешуге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» көмектеседі. Бұған 2018 жылы пәтер кілтіне ие болған сегіз мыңнан астам қазақстандық дәлел. Сіздер өз мақсаттарыңызға жеттіңіздер – жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын несиемен пәтер сатып алдыңыздар. Әр клиентімізге жаңа үйде жаңа шаттық тілейміз. Мұнда балалардың ғылым қуып, ел мақтанатын тұлғаларға айналатынына сенеміз", - деп Нұрлан Ақшанов банк салымшыларын құттықтады.

Айгүл Уәлиева бұрын үш баласымен ата-анасының үйін паналап келген. Енді жас келіншектің көптен армандаған өз баспанасы бар.

"Біз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» бір жылдан астам уақыт бұрын келдік, - дейді Айгүл Уәлиева. – Тиісті қаражатты жарты жылда жинадық. Дегенмен, әлеуметтік қорғау бөлімінің кезегінде тұрғандықтан, пәтер алушылар тізіміне жылдам іліктім. Қалған соманы алдағы тоғыз жылда қайтарамыз. Көп жылдар бойы армандаған өз баспанама қол жеткізгеніме қуаныштымын.

2018 жылдың басынан бері Павлодардағы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалы тұрғындарға 2,5 мың несие берді. Қазіргі уақытта Ертіс жағалауының 55 мың тұрғыны пәтер кілті үшін қаражат жинауда. Бұл облыстың әрбір 13- тұрғыны баспаналы боламын деп шот ашқанын білдіреді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер