BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Таразда барлық тарифтер төмендетілсін – Премьер-министр

Фото: akket.com

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында «Тараз-Су» ЖШС кәсіпорынында болып, тарифтерді төмендету және тариф саясатын бақылау мәселесі жөнінде жиын өткізді.

«Жүргізілген талдау нәтиже бойынша, осы жылы департамент 281 млн теңгеге 12 субъектіге өтемдік тарифтер енгізілді. Сонымен қатар, облыстық прокуратураның ұсынысы бойынша «Жамбыл Жарық Сауда» ЖШС-да 3,3% тарифтер төмендетілді. Елбасы Жолдауындағы міндеттерді орындау мақсатында қазір департаментпен базалық табиғи монополиялар субъектілерінің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізіліп жатыр», - деп баяндады ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ерболат Дүйсембиев.

«Тапсырма берілді. 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін Жамбыл облысындағы барлық тарифтер төмендетілуі керек. Судан бастап басқасына дейін. Қайта қарап шығыңыздар. Қоғамдық қабылдауға халықты шақырыңыздар. Сіздер бекіткен тарифпен қоғам келіседі ма, жоқ па, біліңіздер. Шығындар қайдан туындап отырғанын көрсін. Тарифті өсірді, шығындарды көбейтті, есесіне, алынатын қызмет сапасы жақсарды ма? Ыстық су расымен ыстық па, әлде жылы ма? Таза су ма, жоқ па?», - деп баса айтты үкімет басшысы.

Жиын барысында баяндама жасаған «Тараз-Су» ЖШС басшысы Марат Смайылов кәсіпорынның жұмысына тоқталып, тарифті төмендету тәсілдерімен бөлісті.

«Жамбыл облысының орталығында бір ғана қала бар. Тазалау ғимараттары жоқ. Біз былтырдан бастап кәріз суларының орташа тарифін 20 теңгеден 25 теңгеге көтеру жөнінде шешім қабылдадық. Аталған қызмет бойынша 2017-2018 жылдары бекітілген инвестициялық бағдарлама көлемі 64 млн теңгені құрайды. Сол қаражат есебінен апатты жағдайды алдын алу жұмыстары толық атқарылды. Облыс әкімінің бастауымен тәулігіне 100 мың текше метр кәріз суын қабылдайтын ғимарат құрылысы қолға алынып, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 35 млн теңге бөлінді. Қолданыстағы ауыз судың кәріз тарифтері Тараз қаласы бойынша тұтынушылардың барлық санаттары үшін Қазақстандағы ең төменгі болып табылады», - деді Марат Смайылов.

Осы тұста Бақтыжан Сағынтаев сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсететін кәсіпорын басшысына ескерту жасады.

«Жамбыл облысындағы тариф Қазақстан бойынша ең төмен. Сол сияқты, халықтың тұрмыстық деңгейі бойынша еліміздегі ең төменгі көрсеткіш те осында. Ақтаудағыдай 105 теңге немесе Қарағандыдағыдай 85 теңге шегін қоятын болсаңыздар, оны ешкім төлей алмайды. Сондықтан, мұны салыстыруға болмайды», - деді Премьер-министр.

Бақытжан Сағынтаев «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының жұмысына қатысты да бірқатар мәселелерді қозғап өтті.

«Мен бүгін бизнес өкілдерімен кездестім. Олар газға қосыла алмаймыз дейді. Өте қымбат. Газ келіп тұр, бірақ, қосылу өте қымбат. Белгілі болғандай, өңірдегі 80 мың жеке тұрғын үй дәл жанынан өтіп жатқан газ құбырына қосыла алмай отыр. Бұл қызмет 200-500 мың теңге аралығында тұрады. Жобалаушыларды жалдайды. Бірақ, ҚазТрансГаз Аймақ келіп, анауың дұрыс емес, мынауың дұрыс емес деп, басқа жобалаушыны ұсынады. Ал оның қызметінің ақысы 500 мың болса, газ құбырына қосып бергісі келген әлгі жобалаушы 50 мың теңге бағасын қойып тұр. Бірақ, қолжетімділігі жоқ. Содан кейін, ақшасы бар азаматтар амалсыздан сіздер («ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖОФ басшысына – агенттік ескертпесі) арнайы құрған, бірақ, сіздердікі болып табылмайтын, «артықшылығы бар» компанияларға жүгінеді. Облыстық прокурор және салық басшысына артықшылығы бар, газ құбырына қосуға лицензиясы бар барлық компанияларды тексеруді тапсырамын. Олар мұндай бағаны қайдан алып отыр, анықтаңыздар. Бір апта мерзім беремін», - деп тапсырды Үкімет басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер