BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Астана іргесіндегі мемлекеттік туы жоқ ауыл әкімдігі Эксклюзив

Фото: Ержан Жаубай

Астана маңындағы ауылдарға жасаған рейдіміз бүгін де жалғасты. Бұл жолғы бағытымыз «Жібек жолы» ауылы болды. Астанадан 16 шақырым жердегі 16 мың халқы бар ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында әуелі әкімшілік ғимаратын іздедік. Ойымыз ауыл басшысымен жолығып, мәселеміздің мән-жайын түсіндіру болатын.

Дегенмен төбесінде мемлекет туы желбіреген ауыл әкімдігінің ғимаратын іздеген бізге ол жуық арада табыла қоймады. «Сұрай-сұрай Меккеге барған» қазақтың ұрпағымыз ғой, ауылдың «Ақ үйін» де таптық. "Бақсам бақа екен» демекші, біздің көз алдымызға елестетіп жүрген әкімдік ғимараты қазақша айтқанда екі қабатты «тоқал там екен».

Төбесінде айдындап байрағымыз желбіреп тұрмаса да, босағасында бұратылған «арудың» жарнамасы жасалған мекеменің кіреберісі де кісі қызығарлық емес.

Махамбет ақын айтатын «Туырлықсыз тұл үйге ту байласаң тұрар ма?» дегендей, мынадай үйге туды қор қылмағанның өзі жақсы ма деп қалдық.

Әкімдік ғимаратына кіреберісіндегі мына мұзды көргенде, қазақтың «Есігіңнің алдына, су төгіп қой, қыздар-ай, Әкең тайып жығылсын, мені қуса, әлу-ай» деген әні еріксіз еске түседі екен.

Бұл ауылдағы ең басты мәселе су басу қаупі. Өткенде ғана төтенше жағдай жарияланған ауыл шетіндегі үлкен су қоймасын былай қойғанда, ауыл ішіндегі мына арықтың өзі көктемгі уақытта біраз әбігерге салатыны көрініп тұр.

Ал ауылдағы қаңғыбас иттер Қояндыдағы, Талапкер, Қараөткелдегі кепті бұл ауылға да келтіріп отырғанын байқадық. «Ешкі егіз тауып, қойдан көп болмас, ит сегіз тауып, малдан көп болмас» деген қазақ едік. Дегенмен Астана маңында иттің малдан көп екеніне көз жетті.

Ауыл тұрғындарының жартысы қоқыстарын өздері шығарады. Ал біразы айына 1000-1500 теңге төлеп, жекеменшік қоқыс шығарушыларға тасытады. Дегенмен ауыл ішінің тазалығы көз қуантарлық емес.

Барлық ауылға ортақ бір мәселе мұнда да бар, ол – ауыз су мәселесі. Әкімшіліктің өзі ауыз суды басқа жақтан тасып ішеді.

Айтпақшы, ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда мұндағы тағы бір мәселе - дәретхана. Қысқы аязда қатып, аузы-мұрнынан шығып, толған даладағы дәретханалар күн жылына иістеніп, маңайға "жұпар иісін" шашатын көрінеді.

Бұдан бөлек ауылдағы қираған үйлер, жол, электр энергиясы, қар шығару жұмыстары, мектеп, балабақша мәселелері де кезек күттірмейді. Сонымен бірге ауылдағы дәргери пунктің де сиқы қашып, едені сықырлап тұрғалы біраз болған.

Ауылда қордаланып қалған мәселелердің түйінін тарқатып берген ауыл әкімі Қайрат Ахмедияровтың сұқбатын алдағы уақытта назарларыңызға ұсынатын боламыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер