BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Стипендия жоқ-жоқ». Екі мыңнан астам павлодарлық студент шәкіртақысын ала алмай жүр

Павлодар облысындағы Инновациялық Еуразиялық университетінің 2 мыңнан астам студенті екі ай бойы шәкіртақысын ала алмай жүр. Олардың барлығы – мемлекеттік грант иелері, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Қазіргі таңда аталмыш жоғары оқу орнында 6 мыңнан астам студент білім алады. Бүгін студенттер мен оқытушылар қауымы РБК банкінің басшылығына үндеу жариялады.

«Екінші деңгейлі банк университет алдындағы міндеттемелерін орындамай отыр. Салдарынан студенттеріміз бен магистранттарымыз екі ай бойы шәкіртақы алмады. Мемлекеттік грант иелерінің қатарында «Серпін» бағдарламасымен білім алып жүрген қыз-жігіттер бар. Шәкіртақы бойынша берешек 20 млн теңгеден асты», - дейді Инновациялық Еуразиялық университетінің вице-президенті Лариса Фрезоргер.

Қазіргі таңда 40-тан астам студент «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Жетісай ауылының тумасы Арай Мырзабек азық-түлік өнімдерінің технологы мамандағы бойынша оқиды. Бойжеткен жатақханада тұрады.

«Шәкіртақысыз отырғанымызға екі ай болды. Ата-анамызға аурытпалық салғымыз келмейді, сондықтан стипендияға артар үмітіміз зор», - дейді студент.

Шәкіртақысыз отырғандардың қатарында Оспан Райымбеков та бар.

«Павлодарға металлург боламын деп арман қуып келдім. Шәкіртақы жуық арада түседі деген сенімдемін. Оқу орнының басшылығы мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді», - дейді Оспан Райымбеков.

Банктің міндеттемелерін орындамауы салдарынан ЖОО 26 жылдың ішінде алғаш рет коммуналдық қызметтер үшін қарызға батқан. Бұл бұрын-соңды болмаған құбылыс. Ал өткен айда университет ұжымы жалақыларын кеш алған. Университеттің коммуналдық, салықтық қарыздары 167 млн теңгеге жетіпті.

Бүгінгі күнге дейін оқу орнының басшылығы банктің бас кеңсесіне ресми хат жолдап, шағым түсірген. Дегенмен, құрғақ уәдеден басқа ештеңе айтылмады. Қазіргі уақытта университет басшылығы аталған қаржы институтымен серіктестік қарым-қатынасты үзу туралы мәселені қарастыруда.

Қуантарлығы, студенттер болған жағдайға түсіністікпен қарайды. Мойымақ емес. Тіпті, «Стипендия жоқ-жоқ» деген ән шығарып та үлгерді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Bank RBK-нің қазіргі жағдайы туралы пікір білдірген еді.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер