BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.29 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.93
Астана:

ШҚО-да үздік ІТ-шешімдерді қаржыландыру басталды

Фото: altaynews.kz

Астана, BAQ.KZ. Желтоқсан айының басында Өскеменде өткен алғашқы «Digital East – Болашаққа қадам» халықаралық ІТ-форумында үздік ІТ-шешімдер мен стартап-жобалар сайысының жеңімпаздары анықталған болатын. Жаңа жыл қарсаңында аталмыш жеңімпаздармен келісімдерге қол қою рәсімі өтті. Бұл туралы altaynews.kz сайтына хабарлайды.

Білім, медицина, ауыл шаруашылығы, мәдениет, геоақпараттық жүйе, көлік инфрақұрылымы сынды түрлі салаларды қамтыған инновациялық жобаларға гранттар бөлініп отыр.

Салтанатты рәсімде «Парыз» қоғамдық қорының директоры Ұса Жұмаханұлы, бейінді басқармалардың, ІТ-компаниялардың басшылары, стартап-жобалар әзірлеген дарынды оқушылары бар мектептердің директорлары арасында үшжақты және төртжақты келісімдерге қол қойылды.

Жуық арада облыс тұрғындары жер телімінің кадастрлық құнын онлайн түрде бағалайтын, жерге орналастыру жобаларын әзірлеу процедурасын оңтайландыратын бағдарламаны, сондай-ақ мал басы мен ауыл шаруашылық техникаларын есепке алу жүйесін, медициналық қызметтерді қашықтықтан алуға арналған мобильді қосымшаны қолдана алады. Олардың бәрін аталмыш жеңімпаздар әзірлеп отыр.

Цифрлық технологияларды дамытуға Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ қызметкерлері де белсенді қатысуда. Жоғары оқу орны базасында облыстық мұрағат пен сирек кездесетін кітаптар қорлары, тарихи және археологиялық жәдігерлер сандық жүйеге көшірілмек.

Естеріңізге салар болсақ, үздік ІТ-шешімдер мен стартап-жобалар жөніндегі байқау осы жылдың қазан айында жарияланған болатын. Бірінші кезеңде отандық және шетелдік ІТ-компаниялардан 79 өтінім және мектеп оқушыларынан 10 стартап-жоба түскен. Байқаудың екінші кезеңінде облыстық қазылар алқасы іріктеу жүргізіп, нәтижесінде 33 үздік жоба таңдалып алынды. Ал ең үздік алтылықты республикалық қазылар алқасы анықтаған.

«Біздің халықаралық деңгейдегі ІТ-форум ақпараттық технологиялар саласындағы тараптардың белсенділігі мен мүдделілігін көрсетті. ІТ-компанияларға жалпы сомасы 166 миллион теңге болатын 6 сертификат, ал бағдарламалаумен шұғылданып жүрген мектеп оқушыларына жалпы құны 10 миллион теңгеден асатын 10 сертификат табыс етілді. Енді біз осы форумды жыл сайын өткізбекшіміз. Жылдан-жылға оның ауқымы да кеңеюі тиіс. ІТ-жобалар түрлі салаларға жаңа инновациялық шешімдер әкеліп, қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдетеді және әлбетте облыс тұрғындары үшін пайдалы болады деп сенемін», - деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер