BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.29 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.93
Астана:

Шымкент республикалық маңызы бар қала атанады

Фото: Автор

Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуына бір қадам қалды. Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 29-сессиясында қала әкімдігі мен мәслихаты Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұсыныс жасау туралы бірлескен шешімге қол қойды. Осылайша құжат Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Сессия отырысында Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасап, бүгін тарихи құжатқа қол қойылып, Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуы үшін ауқымды жұмыстардың басталғанын мәлімдеді.

«Өздеріңізге белгілі, жақында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шымкент қаласын миллион тұрғыны бар қала деп жариялады. Бұл тек қала қуанышы ғана емес, республикамыздың жетістігі. Қазақстанның дұрыс бағытта екенінің көрсеткіші. Осыған орай қала тұрғындары қаламызға республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы ұсыныс берді. Өткен аптада заңға сәйкес, қала әкімінің шешімі қабылданып, төрт аудан тұрғындарының қатысуымен Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалардың қатарына жатқызу туралы конференциялар өтті. Кеше қалаға жаңа мәртебе беру мәселесі Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мәжілісінде талқыланып, қаладағы барлық сала өкілдері қолдау білдірді. Мегаполис статусы қалаға үлкен мүмкіндіктер береді. Сол берілген мүмкіндіктерді қалай іске асыратынымыз тек қана сіздер мен бізге байланысты. Біз барлығымыз бір жағынан ата-бабамыздан қалған дәстүрді жалғастырып, екінші жағынан, қазіргі заманға сай әрі жасыл әрі ақылды да қауіпсіз қалаға айналдыруымыз қажет. Шымкенттің еліміздің үшінші қаласына айналуы – әрбір қала тұрғыны үшін маңызды тарихи сәт. Жоспарлар көп, барлығы мәслихат депуттары мен қала тұрғындарының қолдауымен ғана жүзеге асады», - деді Нұрлан Сауранбаев.

Әкім баяндамасынан кейін қалалық мәслихаттың 28 депутаты «ОҚО әкімдігіне және ОҚО мәслихатына Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қала санатына жатқызу туралы ұсыныс енгізуді» қолдап, дауыс берді.

Осылайша, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен кезектен тыс сессия отырысында қала әкімдігі мен қалалық мәслихаті бірлесіп қабылданған шешімге салтанатты түрде қол қойылды.

Енді 5 маусым күні, яғни бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма үшінші сессиясы өтеді. Сессияның күн тәртібінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысы қаралады. Дәлірегі, қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қала санатына жатқызу туралы ұсынысы қаралады.

«Түстен кейін облыс әкімдігі мен облыстық мәслихатының сессиясы өтеді. Бұл мәселені біз ұзатпай, жеделдетіп шешеміз», - деді Жансейіт Түймебаев.

Еске салсақ, бұған дейін облыс әкімі Ж.Түймебаев пен қала әкімі Н.Сауранбаев ОҚО жəне Шымкент қаласының əкімдері қала тұрғындарына үндеу жолдап, Шымкент қаласы Қазақстанның үшінші мегаполисі атанды.

«Жуырда Мемлекет басшысы өз сөзінде «Қазақстан агломерацияны дамыту стратегиясын жүзеге асыруды бастады. Егер бізде бұған дейін миллион тұрғыны бар тек Алматы қаласы болса, қазір үш мегаполисіміз бар, олар – Алматы, Астана және Шымкент қаласы. Шымкент сондай қалаға айналады деп сенеміз, себебі біздің қаламызда қонақжай, қайырымды, ең бастысы, еңбекқор халық тұрады. Біз бәріміз бірге Шымкентті Елбасы күткендей «ақылды», «жасыл» әрі қауіпсіз қалаға айналдырамыз деп сенеміз. Шымкент жаңа идеялар халқымыздың дәстүрімен қатар дамып, өткенін ұмытпайтын, сонымен қоса жаңа технологияларға ұмтылатын тұрғындар қаласына айналады. Шымкент қаласының барлық тұрғынын осынау тарихи сәтпен құттықтаймыз! Баршаңызға бақыт пен молшылық тілейміз!» - делінген екі әкімнің үндеуінде.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасының 1993 жылы 8 желтоқсандағы №№2572- ХІІ «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңында республикалық маңызы бар қалаларға халқының саны бiр миллион адамнан асатын өңірлер жатады деп көрсетілген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер