BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Петропавлда «Алтын сөз» байқауының жеңімпаздары анықталды

Фото: Автор

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда журналистер арасында ұйымдастырылған облыстық «Алтын сөз» байқауының жеңімпаздарының есімі белгілі болды.

Солтүстік Қазақстан облыстық Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған байқауға 134 бейнематериал мен мақала ұсынылыпты. Сайыс тележурналистика, баспасөз, интернет-журналистика сынды жанрларды қамтыды.

«Байқауға ұсынылған материалдарды толық саралап шықтық. Біреу жетістікке жеткені туралы, екіншісі бизнесті қалай бастау керек екенін, ал енді үшіншісі кәсіпкерлікті дамыту туралы әңгімелейді. Осының барлығын көрерменге жеткізетін журналистер қауымы. Қарапайым адам осы материалдарды көріп отырып, өзіне пайдалы ақпарат алады. Тіпті журналистер біреудің өз ісін бастауға түрткі болуы мүмкін. Конкурсты ұйымдастырудағы мақсат - шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етіп, осы бағытта жарыққа жақсы материалдарды шығарып жүрген журналистердің еңбегін бағалу», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Лейла Сайдашева.

Қазылар алқасының айтуынша, байқауға ұсынылған материалды көпшілік назарына ерекше тәсілмен ұсына білу, тақырыптың толық ашылуы, ақпараттың өзектілігі басты назарға алынған.

Қылдан нәзік, қылыштан өткір тілі арқылы үздіктер қатарынан көрінген журналистердің бірі Солтүстік Қазақстан облыстық «Қызылжар» арнасының шеф редакторы Гүлнар Сайлауқызы. Байқау жүлдегерінің телевизия саласында еңбек еткеніне 11 жылдан асыпты.

«Шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбегі еленіп жатыр деген ойдамын. Бүгінгі байқау нәтижесі – тілшілердің де маңдай терінің ақталғанын аңғартады. Алыс-жақын аудандарға шығып ондағы кәсіпкерліктің дамуы, жалпы өңіріміздегі экономиканың дамуы біздің сюжеттерімізде, бағдарламаларымызда айқын көрсетіліп отырады. Бұл ең алдымен бизнесті кедергісіз дамытуға көп септігін тигізеді», - дейді журналист.

Жеңімпаздар шағын сыйлықтар мен дипломға ие болды. Ұйымдастырушылар журналистер арасындағы байқау болашақта да жалғасын табатынын айтты.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер