BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Петропавл ботаникалық бағындағы бірқазан адамдарға шабуылдады

Фото: Автор

Петропавл ботаникалық бағындағы бұйра бірқазан аштықтан адамдарға шабуылдай бастады. Қанаты сынып, үйірінен қалып қайған жабайы құс өткен жылдың желтоқсанынан бері ботаникалық бақты мекендеп жүр, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының тұрғындары 2017 жылдың соңында бұйра бірқазанды даладан тауып алған. Жарақатының кесірінен ұша алмай қалған жабайы құсты ботаникалық бақ қызметкерлері өз қамқорлығына алған еді. Құс – балықпен қоректенеді. Біраз уақыт бойы еріктілер балық әкеліп, бірқазанды тамақтандыруға жәрдемдесіп тұрған.

«Петяның салмағы – 13 келі. Ол тәулігіне кем дегенде 4 келі балық жейді. Қазір еріктілер азайды. Сондықтан оны тамақтандыру қиынға соғып тұр. Көпшіліктен көмек сұраймыз. Оны асырауға жәрдемдесетіндер табылса жақсы бол еді», - дейді «Мейрімді ғаламшар» жеке қайырымдылық қорының директоры Татьяна Мухамедзянова.

Бірқазанға ботаникалық бақ қызметкерлері «Петя» деген лақап ат та қойып алған. Былтыр құсты адамдар емін-еркін тамақтандырып жүрген. Енді ол аштықтан адамдарға шабуылдайтын мінез шығарған. Сондықтан бақ қызметкерлері құстың жанына ешкімді жолатпайды. Биыл бұйра бірқазан тағы да Қызылжарда қыстайды.

«Петяға мұнда ұнайтын сыңайлы. Тез үйренісіп кетті. Бақ алдындағы тоғанда аққулармен бірге жүреді. Біздің зоолог мамандар оның жағдайын қадағалайды. Бірқазанның қанаты ұшуға келмегендіктен, ол осында біржола қалатын сияқты», - дейді Петропавл ботаникалық бағының қызметкері Екатерина Воложина.

Бұйра бірқазан – сирек кездесетін құс. Ол жойылу қаупі төніп тұрған қанаттылар түріне жатады. Қазақстанның ғана емес, басқа да елдердің «Қызыл кітабына» енген. Сондықтан, Петропавл ботаникалық бағының қызметкерлері жабайы құсқа барынша қамқорлық көрсететінін айтты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер