BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодарда мультимедиялық музей кешені салынады

Фото: pavlodarnews.kz

Астана, BAQ.KZ. Павлодар облысының тарихы туралы жаңа музей пайда болмақ.

Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Болат Бақауовтың төрағалығымен мультимедиялық музей кешеніне қатысты жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп жазды pavlodarnews.kz сайты. Тарихшылар, музей қызметкерлері және археологтар жаңа музейдің қандай болуы керек екенін талқылады.

Нысан шамамен 2,5 мың шаршы метр аумақты алып, үш блоктан тұрады деген жоспар бар. Бұл – жаратылыстану музейі, көшпелі өркениет музейі мен этнографиялық музей.

«Үлкен музейдің болуы кез келген қала, әсіресе облыс орталығы үшін үлкен мәртебе. Музейдің орыны үшін Ертістің жағасы, орталық жағалау өте ұтымды таңдап алынған», - дейді облыстың бас сәулетшісі Нұрлан Қақамбетов.

Жаңа музейдің құрылысы басталып кеткен, алайда қысқы аяз кезінде жұмыс тобы құрылыс жұмыстарын тоқтата тұруды шешті. Мамандар кешенді толықтырумен айналысуда.

«Үш блоктың әрқайсысында мультимедиялық контент – экспозиция бойынша гид, 3D-реконструкциясы және тағы басқалары бар. Жақсы экспонаттар мен мультмедиялық контент заманауи музей кешенін ашуға мүмкіндік береді», - дейді археолог-зерттеуші Тимур Смағұлов.

Көшпелі өркениет музейінде кез келген тұрғын көне адамға айналып, ыдыс жасай алатын интерактивті аймақ болады. Сондай-ақ, тоқыма мата, оқтың ұшын және қола немесе темірден әртүрлі заттар жасай алады. Мұның барлығы жаңа музейге келушілер тарихты өз көздерімен көріп, сезінуі үшін керек.

Облыс әкімі музей кешенінің құрылысы үшін жан-жақты қарауды, оның ішінде нысанды көріктендіру, экскурсия жүргізушілерді дайындау және атауын ойластыруда тапсырды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер