BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мемлекеттік қызметшілер тәртіпсіздікке жиі жол береді

Арнайы мониторинг қорытындысы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтамайтынын анықтап отыр. Бұл туралы мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен өткен жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Мемлекеттік қызметшілерінің әдепсіздік танытуында дөрекілік басым. 54741 маманның әлеуметтік желісі тексеріліп, нәтижесінде 2212 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Жалпы, 2348 фото, 21 бейнежазбаның талапқа сай емес екені белгілі болған.

«Жекелеген қызметшілер әдеп нормаларын сақтаудың маңыздылығын жете түсінбейді. Соның салдарынан әдеп нормаларының бұзылуымен қатар, халық тарабынан жалпы мемлекеттік қызметшілерге қатысты жағымсыз пікір туындауына әкеп соғады. Мәселен, 670-тен астам әдеп бұзудың ішінде 102 дөрекілік пен әдепсіз қылық орын алды», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев.

Ақмола облысындағы көрсеткіш – 11. Сұралған ақмолалықтардың 69 пайызға жуығының көрсетілген қызметке көңілдері толады.

«Былтыр өңірде Әдеп жөніндегі кеңестің 14 отырысы өткізілді. 241 азаматтың өтініші қаралды. Басшылық құрамындағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты 10 тәртіптік іс қозғалды. 31 азаматтың құқы қалпына келтірілді», – дейді Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Дархан Хайруллин.

Ақмола облысы әкімдігі жанындағы әдеп жөніндегі уәкіл Нариман Әбдірахмановтың айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын сақтау бойынша әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізілген. Бақылау нәтижесінде 43 мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік желілерінде әдепсіз суреттерінің орналастырылғандығы анықталды.

«Мемлекеттік қызметшілер жиі тәртіп бұзады. Олар қызметтеріне лайықсыз, той-томалақ пен демалыста түскен өрескел суреттері үшін сөгіс алды. Қымбат көлік, зәулім үйлерді әлеуметтік желіге жариялау да халықтың ашу-ызасын туғызатынын көбі біле бермейді. Шенеуніктердің қалай тұратыны ешкімді қызықтырмайды. Келеңсіздіктер бұрын да болған. Бірақ қазір ақпарат заманы. Желіге салынған ақпарат жылдам тарап кетеді. Осы ретте мемлекеттік қызметшілерге жеке мүлкін желіде жария етудің тіпті қажеті жоқ», - дейді Нариман Әбдірахманов.

Әдеп жөніндегі уәкілдерге нормаларды бұзу себептеріне сараптама жасау, мемлекеттік қызметшілердің арасында жасырын анкеталау жұмыстарын жиі ұйымдастыру да жүктеліп отыр. Олардың біліктілігі мен білімін арттыру да жоспарда бар. Қазір мемлекеттік қызметшіге деген талап күшеюде. Сонымен қатар, бұл мамандардың жағдайын жасау да қарастырылған. Қазір олардың еңбегін әділетті бағалап, жалақы төлеу үшін факторлы-балдық жүйе пилоттық жоба ретінде енгізіліп отыр.


«Мақсатымыз біреуді аяқтан шалу, оған жаза тағайындау емес, қызмет сапасын арттыру. Сондықтан мамандарға шара қолданудан гөрі, кемшіліктерді болдырмауға көбірек көңіл бөлген жөн», – дейді департамент директоры Равиль Төлебаев.

Ол аталған кемшіліктерді болдырмаудың жалғыз жолы – мемлекеттік қызметті барынша автоматтандыру екенін атап өтті.

Шара соңында қатысушыларға «Мемлекеттік қызметшілердің әдебі және мінез-құлық нормалары» атты қалта кітапшасы таратылды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер