BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мемлекеттік қызметшілер неге қазақша сөйлемейді?

Фото: Интернеттен алынды

Көкшетауда қазақ тілін оқыту орталықтарында бір жыл оқып шыққан мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде сөйлемейді, жазбайды. Өйткені әрі қарай дамытатын ортасы жоқ. Бұл туралы мемлекеттік тіл мәселесі талқыланған жиында айтылды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Жақында ғана облыста қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты Үндеу жарияланып, барлық қалалық, аудандық, облыстық мекемелерге таратылғаны белгілі.

«Дәл қазір бізге қоғаммен жұмыс істеу керек. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік оқыту орталықтарында бір жыл оқып шыққан қызметшілер қазақ тілінде сөйлемейді, жазбайды да. Бұған себеп, әрі қарай дамытатын орта жоқ. Осы орайда айтар ұсынысым, әр мәжіліс залына ілеспе аударма жасау қажет. Қазір тек екі қала мен екі ауданда ғана осындай қондырғы орнатылған, – дейді Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова.

Қазір балабақшаларда қазақ тілін орыс топтарына, орыс тілін қазақ топтарында оқытады. Ал қазақ тілін қазақ топтарында оқытпайды. Сондықтан облыстық тілдерді дамыту басқармасы 1-ші наурыздан бастап барлық балабақшадағы қазақ топтарында өз ана тілімізді үйрету сабақтарын қайтаруды сұрап Үкіметке хат жолдаған.

«Бәрін балабақшадан бастау керек. Ол мекемелер таза қазақша болмай, жұмыс өнбейді. Аралас мектептер деген де қазіргі қоғамның дерті. Ал үштілді оқытуды төменгі сыныптан бастау дегеннің еш нәтижесіз екенін дәрігер ретінде дәлелдеп бере аламын. Ата-аналар үйінде отырып, қазақ тілінің болашағы жоқ деп балаларының көзінше айтып отырғасын, ол қалай дамысын?», – дейді Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов.

Қазақ тілінде білім беретін мектептердің ылғи шет жақта орналасуы да үлкен мәселе екендігін айтады зиялы қауым өкілдері. Мысалы, қазір салынып жатқан «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы білім ошағы айдалада тұр. Бұл да ана тілімізді дамытуға зор кедергі.

«90-шы жылдардың басында жарнама мәселесін мұқият қадағалайтын арнайы бекітілген бір адам болған. Көкшетаудың көшелеріне, дүкен-дүңгіршектерге ілінетін жарнама мәтіндері, сауда үйлерінің, тұрмыстық қызмет көрсететін мекемелердің маңдайшаларының жазуларын тексеріп, мөрін басып барып қана ілуге рұқсат беретін. Ал қазір оны қадағалайтын ешкім жоқ. Жартыкеш жарнамалар басып кетті. Сондықтан қазіргі сәтті пайдаланып, тілімізді дамыту тетіктерін табу қажет», – дейді облыстық «Арқа ажары» газетінің редакторы Қайырбай Төреқожа.

Тіл мамандары қазақ тілінің дамымай отырғаны оқу-ағарту жұмыстарының әлсіздігінен деп есептейді. Баланың тілін сындыратын жеңіл, күнделікті өмірден алған қарапайым мәтіндердің жоқтығынан.

«Бастауыш сынып оқушысы күрделі сөз тіркестерін, билердің орамды сөйлемдерін қалай түсінеді? Осындай қиын мәтіндер арқылы баланың қазақ тілге деген қызығушылығын жойып алып отырмыз», – дейді әдебиетші Сәбит Жәмбек.

Бірқатар тіл жанашырлары тілді дамыту жұмыстарына асабаларды, имамдарды тартуды ұсынды. Айтуларынша, той үстінде жиналған көпшілікке ана тілімізді құрметтейік, бәрін отбасынан бастайық деген бағытта жақсы сөздер айтыла берсе, құлаққа құйыла береді. Имамдар да жұма намазына келген жамағатқа қазақ тілінің болашағы жайлы намысына тиетіндей етіп айтуы тиіс.

Жастардың пікірінше, қазір барлық баланың назары-интернетте. Сондықтан қазақ тілін осындай әлеуметтік желілер арқылы, қызықтыратын роликтердің көмегімен дамыту керек. Бәрін ойланып барып жасау қажет.

«Қазір жаңа реформалардан, жаңа білім бағдарламасынан мұғалімдер де, ата-аналар да шаршады. Мұндай сорақылықты тоқтату керек. Англо-саксондық идеология биікке шығып кетті. Қазақ тілі соның көлеңкесінде қалды. Сондықтан атойлауды тоқтатып, үштілділікті емес, ана тіліміздің көсегесін көгертуді ойластырайық», – дейді Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер