BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.24 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қояндыда қордаланған мәселе көп Эксклюзив

Фото: Ержан Жаубай

Биыл елімізде әлемдік деңгейдегі ерекше іс-шара – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Осыған байланысты Елбасы Елорда айналасындағы ауылдардың Астана статусына сай, барлық жағдайлары жасалған, заманауи болуы керек дегенді ерекше тапсырған болатын. Дегенмен Астананың айналасындағы Қосшы, Талапкер, Илинка, Қоянды қатарлы ауылдардың бүгінгі қал-жағдайы кісі қызыға қоярлық емес.

BAQ.kz ақпарат агенттігінің журналисі Астана маңындағы ауылдарға арнайы барып, әкімшілік басшыларымен және ауыл тұрғындарымен жолыққан еді. Бүгін назарларыңызға Қоянды ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі, ондағы басты мәселелер қандай екенін ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Қояндыға ең әуелі Астананың жылу құбырларынан шыққан бу мен түтін бірінші жетеді.

Елордадан 20 шақырым жердегі ауылға барар жол мәселесі шешілген. Оның өзі Астана-Павлодар күре жолының бойында орналасқандығының арқасында.

Ал күре жолдан бес шақырым жердегі Қояндынға жетер жол боран мен қарлы-бұрқасында 500 шақырымнан да алыстап кетеді.

Мұндағы ең басты мәселе – мектеп. 900 орынға арналған мектепте бүгінде 2000-нан астам бала білім алуда.

«Бүгінгі таңда Қояндыда 25 мың халық тұрады. Аурухана жоқ, ХҚКО жоқ, мектепке бала симай жатыр. Жедел жәрдем шақыра алмаймыз. Шақырғанмен келмейді. Ал дәрігерге қаралу үшін Астананың ар жағындағы Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылына баруымыз керек. Ауылға жаңадан жарық жүйесі тартылып жатыр. Су жарым-жартылай келді» - дейді ауыл тұрғыны Болатбек.

Расымен мұндағы әкімшілік ғимараты бұрынғы мектеп ғимаратында орналасқан, бір бұрышында медпункт, бір бұрышында Қазпошта орналасқан әкімшіліктің сиқын көргенде, басқасын сұрауға ұялдық.

Үш ауысыммен оқитын мектепте үшінші ауысымдағы оқушылар әбден кеш түскен соң тарайды. Ал осындайда ауыл арасындағы иттердің балаларды қауып алғаны, қуалап кеткен оқиғалары тіркеліпті. Біз де тап-тал түсте ауыл ортасында толып жүрген иттерді көрдік.

Қоқысты адамдар жол шетіндегі арнайы жәшіктерге тастайды. Оны күнделікті тазалап алып отыратын қызметкерлер бар. Дегенмен ауыл іші қоқыс алаңына айналып бара жатқанын байқау қиын емес. Бұған тікелей ауыл тұрғындарының өздері кінәлі екенін айтпаса да түсінікті. Дегенмен қоқыс жәшігіндегі қоқыстың шашылуына қаңғыбас иттердің де үлесі жоқ емес секілді.

Қыс ортасы болған соң ауылға кірер жолдың бойы қардан көз ашпай жатыр. Қаңтарулы тұрған қар күрейтін техникалар жекеменшік. Сағаты 5000 теңге. «Боран соғуын күтіп отырмыз» - дейді көлік иелері қалжыңдап.

Мұндағы шешілген бір ғана мәселе – балабақша мәселесі. Ауылда бір мемлекеттік, 7 жекеменшік балабақша бар.

Дегенмен тағы бір түйіні шешілмей отырған мәселе жарық мәселесі.

«Жаңадан жарықтандыру жүйесін тартып жатыр ауылға. Тарифі бұрынғыдан қымбат. Қарапайым ғана есептегіш құралды сатып алып орнаттыру үшін 40 мың теңге көлемінде қаржы жұмсауың керек. Және ол құралды «Меркур»-ден ғана аласыңдар деген талап қойып отыр. Әркім қандай құрал қоюды өзі білуі керек қой» - дейді ауыл тұрғындары.

Биыл орнағанына 10 жыл болған ауылдың бүгінгі келбеті осындай. Мұндай ауылмен биылғы жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін қарсы алу елдігімізге сын болмай ма?

Дегенмен жоғарыда айтылған мәселелердің барлығына да Қоянды ауылдық окургінің әкімі Өмірсерік Ержанов толықтай жауап берді. Алдағы уақытта әкіммен жасаған сұқбатымызды беретін боламыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер