Қостанайда дәрігерді өлтірді деген күдікпен аурухана қызметкері ұсталды - Аймақ|02 Наурыз 2017, 21:29
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қостанайда дәрігерді өлтірді деген күдікпен аурухана қызметкері ұсталды

Бүгін Қостанайдағы облыстық психиатриялық диспансерінің бөлім меңгерушісі, Зәуреш Изалдинаны полицейлер жұмыс орнында тұтқындап алып кеткен, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Тұтқындау шарасы емдеу мекемесінің қызметкерлері мен қаралуға келген көптеген куәгерлердің көзінше болған. Оқиғаға куә болғандар тұтқындалған Зәуреш Изалдинаны қолына кісен салып, ауруханадан алып бара жатқан тәртіп сақшыларын көргендерін айтуда.

Қазіргі таңда тұтқындаудың мәнін білмек болып, кісі қолынан қаза тапқан Қостанай облыстық сот медэкспертизаның төрағасы Рашида Сандыбаеваның өліміне қатысы бар-жоғы туралы ақпарат беруге сұраныс жібердік. Бірақ, оған қазір нақты жауап ала алмай отырмыз.

Дегенмен де, әлеуметтік желілерде өздерін марқұм Сандыбаева мен бүгін тұтқындалған Изалдинаның әріптестеріміз деп көрсеткен адамдар кісі өліміне қатысты өз пікірлерін білдіруде. Олар бұрынғы бас дәрігердің өліміне осы Зәуреш Изалдинаның бірден-бір күдікті екенін алға тартуда.

Зәуреш Изалдина – жоғары санатты психиатр-нарколог дәрігер. 45 жаста, екі баланың анасы.

Бұған дейін дәрігердің өліміне қатысты жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізген полицейлер кеше тың деректерімен бөліскен еді. Қазіргі таңда дәрігерді жауыздықпен өлтірді деген үш күдікті ұсталып, тергеу абақтысына қамалды

«Кісі өлімі болған күні құрылған арнайы жедел-тергеу тобы кешенді іздестіру шараларын өткізді. Өмірінің соңғы жылдарында облыс бойынша жоғары санаттағы сот-психиатриялық сарапшысы болып қызмет еткен Рашида Сандыбаеваны қаскөйлердің өлтіру себептерінің механизмін анықтады. Осы қылмыстық іске қатысты үш күдікті ұсталып, қолымен істегендерін мойнымен көтеретіндерін айтып, куәлік беріп отыр», – деген болатын кеше облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Елена Кашарина.

Сонымен қатар, осы қылмысты жасағандар кеше тұтқындалған үш күдіктімен шектеліп қалмайтыны белгілі болған еді. Полицейлер қылмыстық топтың өзге мүшелеріне айып тағып, тұтқындау үшін тергеу жүргізіп жатқанын жеткізген.

Еске салайық, Рашида Сандыбаева 20 ақпанда өз пәтерінен өлі табылған. Оған 30 жерден пышақ салғаны хабарланған болатын. Кейін күдіктілер бейне бақылау камерасына түсіп қалғаны белгілі болды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер