BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қосшы ауылында да қордаланып қалған мәселелер аз емес

Фото: Ержан Жаубай

Елорданың айналасындағы негізгі бес ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Қоянды, Қараөткел, Талапкер (Қажымұқан), Жібек жолы, енді міне Қосшыға да жол түсті.

Бес ауылдың бас ауруы бірдей. Облыс бұл ауылдар болашақта онсызда Астананың қарамағына өтеді деп сүле-соқ қарайды, ал Астана әзірге бұлар Ақмола облысының құрамында дегенді алға тартады. Әрине, бұл ешкімнің аузынан шыққан сөз емес, бірақ ауылдардың бүгінгі келбетін көргенде осылай ойламасқа шараңыз жоқ. Себебі ауылдардың әлеуметтік мәселелері ортақ.

Қосшыдағы ең басты мәселе – мектеп. Тұрғындар саны 40 мыңға жуықтаған ауылда екі-ақ мектеп бар. Оның бірі Рақымжан Қошқарбаев атындағы ескі мектеп. Екіншісі – пайдалануға берілгеніне бірнеше ғана жыл болған жаңа мектеп. Бұл мектеп Қосшының қасындағы халыққа «Лесная поляна» атауымен таныс шағын ауданда.

Бұл мектепте 2-Л сыныбы, 1-О сыныбы бар. Әрине халық санының өскені, еліміздің демографиясы жақсарғаны дұрыс, бірақ бір партада үш оқушыдан отыру, үш аусыммен оқу балалар үшін қаншалықты тиімді?

Жалпы Астана маңындағы ауылдарға қаңғыбас иттер толып кеткен. Бұған не себеп болып отырғананын әркім әр түрлі түсіндіреді.

Көшедегі қоқыс та ауылдардың ортақ мәселесі. Бұл да бір жүйеге келтіріп, бірізділікпен қолға алатын күрделі мәселе. Себебі әр ауыл өз шама-шарқынша ғана қоқыс тазалайды.

Астанадан 25 шақырым жердегі ауылдың ауылішілік жолдары да адам қызығарлық емес. Жаз болса балшықтан, қыс болса қардан көз ашпайды тұрғындар.

«Қосшыға қарайтын Орманды алқап (Лесная поляна) ауданы Цесна банктің кепілдігінде. Сондықтан мұндағы коммуналдық шығындар басқа жерден қарағанда анағұрлым қымбат. Және кез келген банкке төлеу мүмкіндігі жоқ. Тек қана Цесна банкке төлеу керек. Соның салдарынан онсыз да уақыты аз тұрғындар аудан жанындағы банк бөлімшесінде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр» - дейді тұрғындар.

Осы Орманды алқап ауданына қатысты тағы бір мәселе – қоғамдық көлік. Ауданның ішін онсыз да автобустар аралап жүрмейді. Бірақ шетіне ғана кіріп-шығатын жолдың сиқы мынау. Сондықтан болар автобустар ауданға кірмей, сыртқы жолмен кетеді. Ал Қосшыдан келіп, аудандағы жаңа мектепте оқитын балалардың көбі жолды кесіп өтуге мәжбүр. Ал Астана-Қосшы автожолына ешқандай белгі қойылмаған. Бір ғана бағдаршам, оның өзі бірде істеп, бірде істемей қалады.

Ауылдағы және аудандағы ауыз су, жылы су да өзекті мәселе. Орманды алқап тұрғындары жылы судың жоқтығынан токқа қосатын су жылту апараттарын пайдаланады. Соның салдарынан электр энергиясын тұтыну ақысы көп мөлшерде есептеледі.

Мұнан басқа да қордаланып қалған мәселелер жетерлік. Қар тазарту, балабақша, тұрғындардың жер мәселесі т.б. жағдайлар ауылдықтардың ығырын шығарып болған.

Біз ауыл әкімімен алдын ала хабарласып, сұқбат алуды көздеген едік. Дегенмен әкім кезекті демалысқа кетуіне байланысты 17 наурыз күні жұмысқа шығатынын, сол күні келіп жолығуымызды сұрады. Алдағы уақытта ауыл әкімінің сұқбатын ұсынатын боламыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер