BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетаулық 45 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Көкшетаудағы «Көктем» мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 9 қабатты 45 пәтерлік жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қуаныштан жүзі бал-бұл жайнаған жұртшылық ағылып келіп жатты. Бұл баспаналы болғалы тұрған көкшетаулықтардың көптен күткен сәті. Әсіресе, балалардың көңілі шат. Бүгін баспаналы болғандардың басым бөлігі бірнеше жылдан бері жалдамалы үйлерде тұрып келген. Енді міне жаңа пәтерге қолы жетіп, қоныс тойын тойлауда.

Облыс және қала басшылары көкшетаулықтардың қуанышымен бөлісуге келіп, мерекемен құттықтады. Пәтер кілттерін табыс етті.

«Жыл сайын елімізде миллиондаған шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Біздің облысымызда да бұл көрсеткіш жылма жыл артып келеді. Биыл Көкшетау қаласы бойынша 30 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Бұл дегеніміз 1323 пәтер өз иесін тапты деген сөз. Мереке күндері жас отбасы, әлеуметтік аз қамтылған жандар және «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкіне қаржы салған жалпы 300 адам пәтердің кілтіне ие болды. Осы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады», - деген облыс әкімі Мәлік Мырзалин пәтер кілтіне ие болған көкшетаулықтарға бақ-береке тіледі.

Жаңа тоғыз қабатты үйдің әр қабатында 5 пәтерден орналасқан. Бір бөлмелі -18, екі бөлмелі-10, үш бөлмелі-17 пәтер бар. Бір шаршы метрінің құны -118 мың теңге.

Облыс және қала басшылары баспаналы болған отбасылардың бірінің пәтеріне кіріп, жайылған дастарханнан дәм татып, тұрғындармен әңгімелесті.

Өз кезегінде тұрғындар да қуаныштарымен бөлісіп, пәтерге қол жеткізгені үшін ел Президентіне, облыс басшылығына алғыстарын білдірді.

«Жаңа пәтерімізді бала-шағамызбен бірге аралап көрдік. Құрылыс жұмыстарының сапасы көңілімізден шықты. Қонысымыз отбасымызға қуаныш әкеліп, ұрпақтарым бақытқа бөлене берсін. Облыс, қала басшылығына айтар алғысымыз шексіз», - дейді қала тұрғыны Ермек Қоңыров.

«Көктем» мөлтек ауданында пайдалануға берілген 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын «Строй Tex IC» жүргізген, жалпы сомасы 219,323 миллион теңгені құрайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер