BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетауда Ақан серіге мүсін орнатылды

Фото: автор

Көкшетау, BAQ.KZ. тілшісі. Алаштың асып туған ақтаңгері Ақан серінің мүсіні ақын-сазгердің есімімен аталатын Көкшетаудағы колледждің алдына орнатылды. Мүсіннің авторы «Шабыт» фестивалінің лауреаты, көкшетаулық қолөнер шебері Ринат Әбенов.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, құттықтау сөзін арнады.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көптеген игі шаралардың басталуына негіз болып келе жатыр. Мәдени мұралар тарих қойнауынан аршылып алынып, есімі ескерілмей келген ардақтыларымыз халқымен қауышып, мұрағаттардың беттері парақталуда. Дәл осындай игілікті іс Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде жүзеге асты. Облыстық білім басқармасының қолдауымен және аталған оқу орны басшылығының қолға алуымен Алаштың асып туған ақтаңгеріне арналған бюст тұғырына қонды. Енді білім ордасының оқытушылары мен студенттерін күн сайын Ақан бабаның мүсіні қарсы алып тұратын болады», – дейді қала әкімінің орынбасары А.Әміренова

Фото: автор

Мүсіннің жазуы латын тілінде терілген. Бұл да жаңа графикаға көшуге бет бұрған бастаманы қолдаудың дәлелі. Ашылу салтанатына көкшетаулық зиялы қауым өкілдері де келіп, жылы лебіздерін білдірді.

«Көкшеде терең тарихқа, ойға жетелер тағы бір салтанатты мүсіннің орын тепкені көңілге қуаныш ұялатады. Жастар тағзым етеді, гүл шоқтарын қояды, кейінгіге оның кім болғанын айтады. Ұлан-байтақ еліміздің сан түкпірінен жер шоқтығына жеткен қонақтар бас иеді», - дейді жазушы Төлеген Қажыбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер