BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшеліктер Ақан серінің туған жеріне барып қайтты

Фото: Әсем Ұланқызы

Ақан сері Қорамсаұлының 175 жылдығына орай «Мәңгілік әуен» этноday бағдарламасы аясында ақмолалық делегация Ақан ауылына барып қайтты, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Ақанның мерейтойы жыл бойы түрлі шаралармен аталып өтеді. Ал тойдың бастауы ақынның туған топырағынан басталды.

Ескерткіш маңында жас ақындар өлеңдерін оқып, әншілер ақынның әндерін орындады. Ақмолалық мәдениет саласының қызметкерлері баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

«Біз қазір Сырымбеттің саласында тұрмыз. Ақан серінің туып-өскен Қаратал деген жері, мына жерде Таркөл-Ақтоқтыны алып қашып, «басыңды сары мидан кесіп алмай» деп өкінішпен тастап кететін жері міне осы маң. Бұл қазақтың ән өнерінің саят құрған жері, қазақтың қыдыры қалған жер, Ақанның ғұмыры қалған жер, Құлагердің дүбірі қалған жер. Мына елдің жұртына келіп көңіл толқып тұр», - деді айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек.

Ақынның 150 жылдық мерейтойында 1993 жылы тамыз айында жаңадан іргетасы қаланған ауылдың бүгінгі тым жүдеу кейпі көңілге кірбің түсірді. Сәулеті келіскен қос қабатты үйлер, мәдениет ошағының тоз-тозы шығып, қызыл кірпіштен қаланған әдемі баспаналардың есік-терезесі үңірейіп тұр. Бұл жерде 60-тан астам коттедж үйлер болды дегенге кім сенеді? Ауылдың ортасында тұрған мәдениет үйінің кірпіштері бөлшектеніп, қолды болған. Күтімі жоқ ескерткішке шығатын ағаш баспалдақтар да шіріп, опырылып құлап жатыр. Кезінде баспаналы болып, жаңа үйге қолдары жетіп, орталықтан жылытылатын, ішінде суы ағып тұрған үйге кірген жергілікті тұрғындар жұмыссыздықтың салдарынан бәрін тастап, үдере көшкен. Оларды Ақан бабасының қасиетті рухы да, қазақ музыкасының алтын қорына енген әсем сазды әндері де тоқтата алмаған.

Ауылдың жүдеу қалпына жаны ашып, жүрегі езіле сөйлеген Айыртау ауданының құрметті азаматы Армия Әбілқайыр ағамыз көзіне келген жасын ірке алмады.

Ақан серінің 175 жылдық мерейтойы әрі қарай Көкшетау қаласында Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында жалғасын тапты. Өнер ордасында Ақан серінің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың музыкалық аспаптары мен Ақан серінің өзі пайдаланған заттары көпшілік назарына ұсынылды. Жиналған қауымға «Ақан серінің адалбақаны» атты қысқаметражды фильм көрсетілді.

Ақан серінің сүйіктісі Ақтоқты сұлудың жиен немересі Орынбасар Төкенованың әңгімесі тартымды шықты. Ол кісінің анасы қайтыс боларының алдында қызына күмістен соғылған бір жүзікті аманат етіпті және оның Ақтоқтыға тиесілі екенін айтыпты.

«Елең-алаң заманда халықтың қолындағы бұйымдарды тартып алып, үлкен кәмпеске жүріп жатқан кезде қолда бар құнды дүниелерді жанталасып жер астына көміп, сақтап қалған. Анам Ақтоқтының қолданған тігін машинасын, әшекей бұйымдарын тығып тастапты. Кейін қайта қазып алып, маған табыс етті»,–дейді Орынбасар Төкенова.

Ортасында асыл тасы бар, шаңырақ іспетті етіп жасалған дөңгелек сақина киелі дейді. Музейдің қызметкерлері қорға сұраған екен, Орынбасар апай беруге қимай, дәл сондай етіп, соқтырып алғызыпты. Қазір соның көшірмесі тарихи-өлкетану музейінде тұр. Ақтоқтының тігін машинкасы да сонда.

Театрға жиналғандар алдында ел ағасы Болат Көшімбаев, жазушы Жабал Ерғалиев, әдебиетші Сәбит Жәмбек, тарихшы Қадыржан Әбуевтер сөйлеп, Ақан бабаның өмірінен сыр шертіп, шығармаларын талдап, ауылын жаңғырту жайында әңгіме қозғады.

«Өзін өмір бойы биіктеткен қасиетті өлкесі жер, қала бөлінсе де, шекара қалай салынса өз тұлғасынан бас тартпайды. Көкшетаудан -Оқжетпесті, Көкшетаудан-Бурабайды, Көкшетаудан-Ақан серіні, Көкшетаудан-Үкілі Ыбырайды бөліп ала алмайды. Бұлардың аты ең бірінші Көкшетаумен, ал Көкшетаудың аты осы тұлғалармен шыққан. Сондықтан біз үшін осы тұлғалардың орны да, тарихы да ерекше екенін айтқымыз келеді»,– дейді жазушы Жабал Ерғалиев.

Жергілікті филармония әншілері ақынның махаббат белгісіндей «Балқадиша», «Ақтоқтының зарын», адалдық пен беріктіктің бейнесіндей «Құлагер», «Маңмаңгер», «Сырымбетті», өмірдің өлшеміндей «Шырмауықты» орындады. «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклінен үзінді ойналды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің залдарына экскурсия жасалып, музей қорынан алынған көне қазақ зергерлік бұйымдарынан тұратын сән дефилесі көрсетілді.

Фото: автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
28 Желтоқсан 2018, 08:57
Бүгін менің туған күнім
Пікірлер