Қызылордалық жетінші сынып оқушысы Абайдың өлеңдерін түгел жатқа біледі - Аймақ|31 Мамыр 2018, 13:42
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордалық жетінші сынып оқушысы Абайдың өлеңдерін түгел жатқа біледі

Фото: Автор

Қызылордалық оқушы Аяулым Азен ақын Абай Құнанбаевтың өлеңдерін түгел жатқа біледі, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Аяулым – Әйтеке би кентіндегі №170 мектептің 7 сынып оқушысы. Мектеп табалдырығын аттаған күннен өзінің зерек, ізденімпаз қасиеттерімен көзге түскен ол Абай Құнанбаевтың өлеңдерін түгел жатқа біледі. Сонымен қатар, ақынның 35 қара сөзін жаттап алған.

5 сыныбынан бастап ұлтымыздың бас ақынының өлеңдеріне қызығып, аудандық, облыстық «Абай оқулары» сайысының жүлдегері де болыпты. Мұнымен қоса, жуырда ғана «Өлең – сөздің патшасы, сөз – сарасы» атты облыстық Абай Құнанбаевтың өлеңін жатқа айтушылардың арасынан суырылып шығып, бірінші орынды иеленген.

«Әкем Абай атаның өлеңдерін жаттасаң, тәрбиелі болып өсесің деді. Сіңлілерім де ақынның өлеңдерін жаттап жатыр. Жарыстарға мен қатысып жүрмін. Енді Абайдың шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлының сыр сөздерін жаттауға көштім», - дейді Аяулым.

Аяулымның бұл ерекше қасиетін аңғарып, оған жол көрсеткен жетекшісі Майра Омарованың еңбегі зор.

«Мен Аяулымға 5-сыныптан бастап жетекшілік етіп келемін. Содан бері ол көптеген сайыстарға қатысып, жүлдегер атанды. Сабақ үлгерімі де өте жақсы. Мектепте әр іс-шараға белсене қатысады. Аяулым кішкентайынан өте ұқыпты, өз ісіне тиянақты. Мәселен, Абайдың өлеңдерін әр жерінен теріп-жармай, кітабының алғашқы бетінен, соңғы парағына дейін жаттаған. Осы тиянақтылығының арқасында облыстық «Абай оқулары» байқауында қазылардың оң шешіміне ие болды. Ол өлең жаттау мен қатар математикаға да жүйрік. Ұлы ақынның өлеңдерімен бірге, 35 қара сөзінде жаңылмай жатқа айтып бере алады. Алдағы уақытта одан үлкен үміт күтемін», - дейді ұстазы.

«Қара сөз» демекші, данышпан хәкімнің қара сөздерінің қаншалықты терең, күрделі екенін көзі ашық, көкірегі ояу жандар білетіні хақ. Жас таланттың Абайдың қара сөздерін айтушылардың арасында өткен республикалық байқауда жүлделі үшінші орынды қанжығалағанын айта кеткеніміз жөн.

«Әке – балаға сыншы» деген. Осы ретте, Аяулымның қара өлеңге қаршадайынан құмартуына себепкер болған әкесі – Жеңісбек Аралбаев.

«Аяулым – қыздарымның тұңғышы. Әр ата-ана баласының жетістікке жеткенін, биіктерден көрінгенін қалайды. Мен де қызымның сабаққа деген ынтасын арттыру мақсатында көп қадағаладым. Әдепкіде математикаға деген құштарлығын ескеріп, осы бағыттарда жұмыс жасадық. Одан кейін, Абай атамыздың өлеңдеріне ден қойғыздым. Өз басым Абайдың қара сөзін, өлеңдерін білген жанның жаман болмайтынын білемін. Өлең-жыр кез келген жанға жігер мен шабыт сыйлайтыны анық. Бір жағынан есте сақтау қабілетінде арттырады. Қызым жуырда математикадан облыстық олимпиадада бірінші орынмен марапатталды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды. Абай атасының аруағы жар болған шығар», – дейді Аяулымның әкесі.

Видео: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер