BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордалық жас ғалымдар «Ақтөс» атты робот ойлап тапты

Фото: Автор

Бүгін Қызылордадағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде ғылымға үлес қосып жүрген тәуелсіздіктің құрдастары, жас ғалымдар баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-химиялық талдау әдістері инженерлік бейіндегі зертханасы бірнеше зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жас ғалымдар күріш қауызынан белсендірілген көмір алуға болатынын дәлелдеді.

«Сыр өңірінің негізгі дақылы – күріш. Биылдың өзінде 500 тоннадай күріш егіліп, жиналды. Ал өнім жиналғаннан кейін тонналаған кебек пен қауызы пайдаға аспай, өртеледі. Біз сол іске асқысыз тасталған кебек пен сабанды ғылыми жұмысымызға пайдаландық. Күріштің қауызын әбден майдалап, арнайы пешке қыздырдық. Содан қара ұнтақ дайын болды. Бұл дәріханаларда сатылымда тұрған - белсендірілген көмір. Табиғи, арзан өнім шығардық», – деп түсіндірді физика-химиялық талдау әдістері инженерлік бейіндегі зертханасының жетекшісі Нұрбол Аппазов.

Бүгінде бұл зертханада 10 қызметкер жұмыс істейді. Айта кетерлігі, оның төртеуі 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған жылдарында дүниеге келген жастар екен. Олар – Тұрманов Рахымжан, Еспанова Индира, Жаппарбергенов Рахметулла. Жастардың ғылымға қызығушылығы зор. Ал, қазіргі таңда белсендірілген көмірге патент алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, ІТ-мамандар «Ақтөс» атты робот ойлап тапқан. ҚМУ есептеу техникасы және ақпараттық технология кафедрасының меңгерушісі Сәбит Ибадулла робот туралы айтып берді.

«Ресейде оқып келдім. ІТ саласы бойынша біздің жас ғалымдар "Ақтөс" есімді қазақы ит роботын жасап шығардық. Ақтөс бүгінде төрт аяқтап жүру, отыру, жату, басын қозғау сияқты қимылдарды ғана біледі. Енді иіс сезу, көру, интеллектуалды ойлау арқылы тапсырмаларды орындау қызметін үйретпекшіміз. Иттің денесі 3D принтер арқылы жасалған», – дейді Сәбит Ибадулла.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Қаңтар 2019, 16:34
Бозарып тағы таң атты
Пікірлер