BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордалық кәсіпкер жүгеріден сусын жасап шығарды

Көп кешікпей, Қазақстан жұрты жүгеріден жасалған тәтті сусын ішетін болады. Жаңақорған ауданына қарасты Кейден ауылының кәсіпкері Қасым Әбжаппаров пен оның бауыры Сейтмұқан осындай тың бастаманы қолға алды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Қызылорда облысындағы тілшісі.

Бүгінде ақ жүгеріден сусын шығару жобасы дайын. Түрлі дәмдеуіштер қосу арқылы әзірленген өнімнің дәмі балдай, нәтижесі таңдай қақтырарлық. Тек Тамақтану академиясының оң қортындысын күтіп отыр.

«Академик Төрегелді Шармановтың өзі «мұндай өнім әрі тамақ, әрі сусын» деп жоғары бағалады. Академиядағы басқа да мамандар дәмін көріп, таңдай қақты. Бірақ, оны сақтау мерзімін, консерванттардың қосылуын анықтау үшін академияның сараптау комиссиясы өзінің сарабын жасап жатыр. Бүгін олармен сөйлестім, сараптаманың бірінші кезеңі аяқталыпты. Екінші кезеңінен кейін нақты нәтижесі белгілі болады. Бұйырса, 3 наурызда Алматыға барамыз. Наурыздың соңына дейін оң қорытынды болады деген үмітіміз зор. Тәңір қолдап, технологияны ендірсек, республикадан тыс шетелге экспортқа шығаруға тырысамыз», –дейді Сейтмұқан Әбжаппаров.

Ағайынды жігіттер өздері әзірлеген өнімді ауылдастарына дәмін татқызып көріпті. Солардың ішінде Ғани Итаяқов та бар.

«Жүгері сусынын іштім. Түсі кәдімгі ашытпаға, көженің суына ұқсайды. Шөлді басады, қарныңды аштырмайды. Дәмі ұнады. Меніңше, нағыз қазаққа керек сусын. Тек жарнама керек», – дейді ол.

Жүгеріден жасалатын сусынның сақталу мерзімі – 45 күн. Нарыққа «Кәусар» атауымен 1 литрлік құтымен шығарылмақ.

Ал Қасым Әбжаппаровтың айтуынша, өздерінің шағын цехында жүгеріден өнімнің түр-түрі шығарылуда. Жұмысшылар алдымен дақылды тазартып, жуып алады. Кепкен соң үш түрлі диірменнен өткізеді. Кәсіпкердің айтуынша, түйілген жүгері қазір еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие. Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Астана қаласынан тұтынушылар келіп, алып кетеді. Одан өзге емдеу-сауықтыру шипажайлары асқазан, өт, бауыр ауруларына алып тұрады екен. Сонымен қатар, балаларға арналған тәттіге, яғни «попкорнға» тапсырыс берушілер көбейген.

Жалпы, Кейден ауылында 90 гектар жерге жүгері егіледі. Өнімнің басым бөлігі осы цехқа өткізіледі. Қазір мұнда 5 адам жұмыс істейді. Егер Әбжаппаровтардың «Әбділда» шаруа қожалығы жаңа бастаманы жүзеге асырса, ауылдың 25 тұрғынын жұмыспен қамти алады.

Фото автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер