Қызылордада 100 жасаған әжеге жаңа куәлік табыс етілді - Аймақ|04 Желтоқсан 2017, 20:43
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордада 100 жасаған әжеге жаңа куәлік табыс етілді

Фото: Автор

Қызылорда облысы Сырдария ауданының тұрғыны Сәлима Күдебаева 100 жасқа толды. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қос ғасырдың куәсіне жаңа жеке куәлік табыс етті, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Жұмабаевтың айтуынша, қарияның өзі орталыққа келіп, суретке түсіп, құжат алуға өтініш білдірген.

«Біз мекеме атынан сый-сияпат ұсындық. Өмір жасының ұзақ болуына тілектеспіз. Қарт ана да бізге батасын берді», – дейді ол.

ХҚКО-ға келгенде Сәлима Күдебаеваға көпшілік құрмет көрсетіп, қалын сұрап жатты. Кейуана болса, оларға ақ батасын беріп, істеріне береке тіледі. Жаңа құжат алған ана арнайы анықтамалық қағазға қолын қойып, естелік суретке түсті. Сонымен қатар, ғасыр жасаған ананы аудан әкімі, оның орынбасары және ардагерлер кеңесінің төрағасы да құттықтап, ыстық ықыластарын жеткізді.

«Құдайдың берген өмірі ғой. Әкімдіктен де, басқа жақтан да балалар келіп, құттықтап жатыр. Өркендері өссін! Жастайымыздан бейнет көрдік, енді міне, зейнетін де көруді пешенемізге жазыпты. Шүкір, еліміз аман, өз патшамыз бар. Ендігіде ұрпақтар өсіп-өнсе, жақсылықтар бола береді», – дейді Сәлима әже.

Айта кетейік, Сәлима Күдебаева 1917 жылы қарашада дүниеге келген. Ашаршылық кезінде ата-анасынан айырылып, жетімдіктің кермек дәмін татқан. Жастайынан еңбекке араласып, қара жұмыста ысылған. 1933 жылы Өмірзақ Күдебаевқа тұрмысқа шығып, 6 бала тәрбиелеп өсіреді. 1941 жылы соғыс басталып, жары Өмірзақ майданға аттанады. Сәлима ата-енесімен бірге 1938 жылы туған қызымен елде қалады. Сол кезде тылда еңбек етіп, ауданның дамуына лайықты үлесін қосқан. Аудандық наубайханада наубайханашы болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Қазіргі кезде Сәлима әжей кіші ұлы Нұрлан Күдебаевтың қолында тұрады. Әжейдің 18 немересі мен 31 шөбересі бар. Жүз жасаған ана Ұлы Отан соғысының 50 жылдығы, 60 жылдығы медальдарымен марапатталған.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер