BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордада екі қабатты үйдің қабырғасы құлап қалды

Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде екі қабат тұрғын үйдің бір қабырғасы опырылып құлады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Жергілікті билік үйдегі төрт отбасын уақытша тұратын пәтерге көшіруде, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Екі қабатты үй 1960 жылы салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. 2014 жылы үйді арнайы комиссия тексеріп, апатты деп таныған. Ал күні кеше Жүнісбаев көшесіндегі 8 пәтерлік осы үйдің бір қабырғасы жауын-шашынның әсерінен мүжіліп түскен.

Сол уақытта үйде Фарида Төлендиева есімді тұрғын болған.

«Былтыр бізге әкім келіп, «мына үй құлайды» деп ескерту берген. Бірақ біз қимылдамадық. Бұлай болады деп ойламадық қой. Осы оқиға болғанда, көршілерім жан-жақтан жүгіріп келіп, «шығыңдар» деп айқайлады. Төрт баламды құшақтап, дереу далаға шықтым», – дейді ол.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 30 апатты үй тізімге алынған. Оқыс оқиға болған жерде тағы екі үй құлайын деп тұр. Соның біреуін бір ғана отбасы паналауда. Яғни, Роза Баймаханова есімді тұрғын көрші ғимарат құлағасын бойын үрей билеп алған.

«Енді біз қорқып отырмыз. Баратын жеріміз жоқ. Тықырлаған дыбыс естісек, қорқып, ұйқыдан шырт оянамыз», - дейді.

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш пәтер иелері жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға арналған кезекте тұр. Алдағы уақытта заңдылыққа сәйкес, кезектілік ретімен тұрғын үймен қамтылатын болады.

Айта кетейік, қабырғасы құлаған екі қабатты тұрғын үй толықтай бұзылды.

Фото автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер