BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордада А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Р.Қошқарбаев, Б.Төлегенова, М.Мақатаев, М.Бесбаев... тұрады

Ата-ана баласының елге елеулі, халыққа қалаулы, жаны жайсаң азамат болуын қалайды. Осындай ақ ниетпен сәбилеріне танымал тұлғалардың есімін қояды. Сондықтан елімізде, әсіресе, Сыр өңірінде атақты адамдармен аттас азаматтар көп. Baq.kz порталының Қызылорда облысындағы тілшісі соларды іздеп тауып, әңгімеге тартқан еді.

ШОҚАН УӘЛИХАН

Жас жігіт Шоқан Уәлихан Жаңақорған ауданының тумасы. Біз білетін Шоқан ғұлама ғалым, зерттеуші ретінде тарихта қалды. Кейіпкеріміз де өз жолымен халық есінде әнші Шоқан атымен қалғысы келетінін жеткізді. Дарынды жігіт бірінші сыныптан-ақ әріптен бұрын гитараны үйреніп алған екен. Ол «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Қазақстан дауысы», «Музартлайф» жобаларына қатысып, танымал әншілердің оң бағасын алған.

«Біздің кішкентай кезімізде Шоқан Уәлихановтың суреті 10 теңгелік қағаз ақшаның бетінде болғанын білесіздер. Сол кезде бәрі мені «10 теңге» деп атайтын. Жасы үлкендеу ағаларымыз әзілдеп үнемі солай атап шақыратын. Қазірдің өзінде қалжыңдап, бала күнімізді еске түсіріп қоятындар бар», – дейді Шоқан.

АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ

Сырдария ауданы, Бесарық ауылында Абай Құнанбаев деген өрен тұрады. Қазір елді мекендегі № 147 мектепте оқиды. Ауылдағы Нұрғали ата да көзінің тірісінде немересінің есімі мен тегін атақты ақынға ұқсатып, ырымдап қоюды аманаттап кетеді. Осылайша сәбиге Абай деп есім берілді. Әкесі Құнанбайдың тегіне жазылды.

«Абай Құнанбаев атамыз біздің халқымызға ерекше еңбек сіңірген. Оны үлкендер әрдайым айтып отырады. Аты-жөнім осындай дара тұлғамен аттас болғанына қуанамын. Ол ақынды ерекше жақсы көремін. Өлеңдерін жаттағанды ұнатамын. Қара сөздерін оқимын. Кей кезде аты-жөнімді көпшілік қауым қызығушылықпен қайталап сұрап жатады. Абай Құнанбаев сынды өлшеусіз еңбек жасай алмасам да, есімді ақтау үшін барымды саламын», – дейді жас Абай.

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН

Қызылорда қаласында Ыбырай Алтынсарин деген оқушы бар. Ұлы ағартушының есімін иеленген бала Ыбырай Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейде білім алуда. Ыбырай 10 жасқа толды. Кітап оқығанды жақсы көреді. Сабаққа зерек.

«Қазақ даласын біліммен сусындатқан Ыбырай атамыз секілді текті болсын деп әжеміз атымды Ыбырай деп қойды. Өзім сол Ы.Алтынсарин мектебінде оқимын», – дейді Ыбырай.

РАҚЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВ

Рақымжан Қошқарбаев қазір Шиелі индустриялды аграрлық колледжінде бұрғылау қондырғысының машинисі мамандығы бойынша өндірістік оқу шебері болып қызмет атқарады.

«Есімімді батыр секілді елге танымал азамат болсын деген ниетпен атам қойған. Бір жағынан өзінің аты Қошқарбай болғасын соған ұқсатқан. Рақымжан Қошқарбаевтың кім болғанын бала күнімнен білемін. Жалпы, Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры екенін мектеп оқыған кез келгені білетін шығар деп ойлаймын. Тарихтан білетінім, Рақымжан атамыздың Григорий Булатов деген жолдасы болған. Кейде Өнербай деген досымды әзілдеп Гриша деп атаймыз», – дейді батырмен аттас азамат.

Кейіпкеріміз 1992 жылы Шиелі ауданы, Ортақшыл ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Алматы облысына әскерге аттанады. Онда танкілік бригаданың жаяу әскер құрамына түседі. Батыр есімін иеленген кейіпкеріміз онда азды-көпті ерлік көрсеткенім бар дейді.

«Бес айдан соң мен барлау ротасына ауысып кеттім. Бір күні осы ротада жүріп, түнгі қарауыл кезінде белгісіз біреулерді қолға түсірдім. Осы қызметім үшін маған он күндік демалыс беріп, ата-анама алғыс хат жолдады», – дейді.

БИБІГҮЛ ТӨЛЕГЕНОВА

Бұл кейіпкеріміз 1993 жылы Сырдария ауданы, Бесарық ауылында дүниеге келген. 11 сыныпты бітірген соң, Қызылорда заң колледжіне «Қаржыгер» мамандығы бойынша оқуға түседі. Аты-жөнінің атақты әншімен ұқсас болғандығын мақтаныш көреді екен.

«Мен дүниеге келгенде атамнан сүйінші сұраған, ал ол кісі сол кезде Бибігүл Төлегенованың концертін көріп отырыпты. «Ұл ма, қыз ба? Қыз болса атын Бибігүл қоямын», – деп қуанышын жеткізіпті. Осылайша менің атымды Бибігүл қойған екен. Бір жағынан өзінің аты Төлеген болған соң соған ұқсатқан. Сол кісі секілді атақты әнші болсын деген атамның арманы, ниеті ғой. Жалпы, мен Бибігүл апамыздың әншілік талантын танып білуге құштармын. Құрбыларым аты-жөніме қызығады. «Ән айтатындай даусың бар, әнші болуға талпынып көрмедің бе» деп айтқандар кездесті. Кейде атамның арманы орындалып әнші болғанымда деген де ойлар келеді. Бірақ, өзімде бұл өнерге аса қызығушылық жоқ», – дейді атақтымен аттас бойжеткен.

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

Қызылордада Мұқағали Мақатаев та тұрады. Шиеліде туған. Ол ақындық қасиеті болмаса да, атақты дәрігер болуды армандайды. Медициналық білім алған кейіпкеріміз жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді. «Ақындық адам жанын емдесе, дәрігер тәнін емдейді. Ақын Мұқағалимен бар ұқсастығымыз осы» дейді ол.

«Есімімді ата-анамның достары қойыпты. Атақты ақындай болсын деп ырымдап қойған шығар. Бірақ өлең шығаратын қасиетім жоқ. Отбасымызда да өлең мен өнерге жақын ешкім жоқ. Әкем – теміржолшы, анам – есепші. Жалпы, Мақатай – атамның атасының есімі. Әулетте әкем сегіз ағайынды болса, соның ішінде біз ғана Мақатаев тегін иемденгенбіз. Аты-жөніңнің ерекше болғандығы көп жерде пайдасын тигізеді. Алғашқы кезде оқу орнында, жұмыста көп адамдар сенбейтін. Жеке куәлігімді көрсетіп әзер сендіретінмін. Тіпті, жиналыс, дәріс кезінде аты-жөнімді оқығанда орнымнан тұрғызып, таңғалғандар болды. Бәрінің қоятын бірінші сұрағы «өлең шығарасың ба?», – дейді жас дәрігер.

Атақты ақынмен аттас болу өзіне көп пайдасын тигізген. Бірде Мұқағалиды тәртіп сақшылары ұстап алыпты. Сосын аты-жөнін сұраған.

«Шынымды айтсам, сенбеді. Полицейлер өзін мазақтап тұр деп ойлаған болуы керек, біразға дейін ұстап, мазамды алды. Соңында жеке куәлігімді көрсеттім. Олар бір-біріне қарап күліп, жібере салды. Жақында тағы бір мынадай қызық оқиға болды. Көлік жүргізіп келе жатқанымда жол сақшылары тоқтатты. Құжаттарымды сұрады. Жүргізуші куәлігімнен аты-жөнімді оқып, сіздей атақты кісіге қалай айыппұл саламыз деді де жібере салды», – дейді дәрігер Мұқағали.

МҰХТАР ШАХАНОВ

Қызылорда қаласында Мұхтар Шаханов есімді тұрғын өмір сүреді. 1990 жылы дүниеге келген немересінің есімін атасы ырымдап осылай атапты. Елдің ықыласына бөленген ардақты азаматпен жігіт бүгінде газ-элекр дәнекерлеуші мамандығын алып, абыроймен жұмыс істеуде.

«Бала күнімнен-ақ есімім мен тегімнің ақын атамызбен сәйкес келуі мені бірден ойландырды деп айта алмаймын. Мүмкін, кішкентай болған соң көп нәрсенің байыбына бара бермеген шығармын. Бірақ, уақыт өте келе атам Мұхтар есімінің қойғандағы себебін, оның салмағын сезіндіріп өсірді. Қашан да Шаханов атыңа сай бол дейтін. Қойылған есімнің шынымен әсері болды ма, әрқашан істеген ісіме мұқият қарай бастадым. Содан бастап мен ең бірінші атымның абыройына кір келтірмеуді міндет деп қойдым. Себебі, «Сен Мұхтар Шаханов емес пе едің?» деп кекетіп, есімімді өзіме қару етіп пайдаланатын адамдардан қорғандым», – дейді ол.

Бірер жыл бұрын шығармашылық іс-сапармен Сыр еліне жолы түскен Шахановтан бала Шаханов бата алды. Өлеңдер жинағына өзінің ағалық ақ көңілін білдіріп, қолтаңба да қалдырған. Қызылордалық Мұхтар да ақын ағасына ұқсауға тырысып, өлең шимайлайтын қасиеті бар екен.

«Аздап қағаз бетін шатпақтайтыным бар. Бұл маған атамнан дарыған өнер деп ойлаймын. Өйткені, атам да ақындықтан құр алақан кісі емес еді. Қазіргі таңда туған жер, отан, махаббат сынды түрлі тақырыпта 20-дан астам өлеңім бар. Дегенмен, тура сол кісінікіндей керемет, жетеріне жеткізіп айтамын дей алмаймын. Бірақ, іштегі сезімді, барлық ойларымды ұйқасқа салып, төрт жолға сыйдыра алатын қабілетім бар. Өлеңдерімді жинақтап, жүйелеп кітап етіп шығарсам деймін», – дейді Сырдың Мұхтары.

МӘДИНА ЕРАЛИЕВА

Қызылорданың тумасы 1996 жылы дүниеге келген. Қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқиды. Болашақта журналист болғысы келеді.

«Есімімді әжем қойған. Атамның аты Ералы екенін ескере отырып, тұңғыш немересіне «Мәдинадай күміс көмей әнші болсын» деп осылай атағанды жөн көріпті. Әлі күнге дейін: «Жақсыға ұқсасаң, жаман болмайсың. Атыңа затың сай болсын. Есіміңнің артар жүгі ауыр екенін ұмытпа» деп үнемі миыма құйып отырады. Бос уақытымда ойымда қалған ерекше сәтті өлеңмен өрнектеп, ұйқасқа салғанды жақсы көремін. Кітап оқығанды жаным сүйеді. Кейде шығармашылық жағына келгенде әнші Мәдина апайыммен іштей ұқсастығымыз бар сияқты көрінеді. Үнемі ғаламтор беттерінен ол кісінің мінез-құлқы, жеке қасиеттері туралы әріптестері тарапынан айтылған естеліктерді көп қараймын. Қараймын да, өзім таңғаламын. Мүмкін, ел алдында жүрген атақты адаммен аттас болудың әсері ме әлде соған қарап бой түзегендікі ме әйтеуір, біршама ұқсастықтарды тауып қуанғаным рас», – дейді жас Мәдина.

ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ

Олжас Сүлейменов Тереңөзек кентіде тұрады. Есеп-қисапқа жүйрік. Сырдария аудандық Жастар ресурстық орталығының есепшісі болып жұмыс істейді. 1992 жылы туылған.

«Атымды марқұм атам Шамшадин қойды. Ол кісі ақын, ядролық қару-жараққа қарсы тұрушы Олжас Сүлейменовты танитын. Соның құрметіне атымды қойған. Бала кезде ныспымның жауапкершілігін түсіндім дей алмаймын. Өсе келе есім адам өміріне әсер ететінін түсіндім. Қайраткердің атын қор қылмайын деп жинақы, әдепті болуға тырысады екенсің», – дейді ол.

МЕЙРАМБЕК БЕСБАЕВ

Мейрамбек 2007 жылдың 29 тамызында туған. Белгілі әнші секілді ол да бала кезден қолынан домбырасын тастамай, ән салғанды жақсы көреді. Сырдария ауданы, Бесарық ауылының жас тұрғыны Мейрамбек Бесбаев болашақта танымал әнші болғысы келеді екен.

Әжесі Зейнегүл немересінің есімі мен тегін атақты әншіге ұқсатып, ырымдап қойғанды жөн көреді. Осылайша, сәбиге Мейрамбек деп есім беріп, арғы атасы Бесбайдың тегіне жазады.

«Аты-жөнім әнші Мейрамбек Бесбаевпен бірдей болғанына қуанамын. Ол әншіні ерекше жақсы көремін. Әндерін сүйіп тыңдаймын. «Арман алысқа жетелейді» демекші, менің де өз арманым бар. Болашақта сол кісі секілді танымал әнші болуды мақсат етіп жүрмін», – дейді жас Мейрамбек.

2010 жылы «Музарт» тобы гастрольдік сапармен Бесарық ауылына келді. Сол уақытта үлкендер баланы атақты әншінің өзімен кездестіріп, аузына түкірткен.

«Осыдан алты жылдай бұрын әншінің өзімен кездескенде, аузына түкіртіп, ырым жасадық. Соның ықпалы зор болды деп айта аламын. Ұлым «Балапан» арнасынан кішкентай бүлдіршіндердің айтқан өлеңдерін көп тыңдайды. Теледидармен жарыса ән салады. Әлі жас қой, алдағы уақытта ойы өзгерер, мүмкін орындалар. Бірақ, қазіргі кезде тек әнші болуды, танымал атанғанды жаны қалайды», – дейді Мейрамбектің анасы Венера.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер