BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазір үш браконьердің екеуінің "крышасы" бар - ауыл тұрғыны

Атырау облысындағы Аққыстау аулының тұрғыны Сағынғали қария облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа “крышасы” бар браконьерлердің көп екенін айтып, заңсыздықтан араша сұрады. Бұл туралы Исатай ауданында өткен “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының кезектен тыс конференциясында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Сағынғали қарияның айтуына қарағанда қазіргі кезде браконьерлердің көбінің тіреушісі бар.

“...Браконьерге мен де қарсымын. Қазір үш браконьердің екеуінің "крышасы" бар. Ұстайды, крышасы барды қоя береді. Үш мәшине өтеді, екеуін ұстайды, біреуін қоя береді. Енді мұндай әділетсіздікті көріп тұрған соң халық көтеріледі ғой”, – деді ол облыс әкіміне.

Қарияның сөзіне жауап берген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев ешкімге балық аулама демейтінін, бірақ мәдениет пен ынсап керек екенін айтты.

“Мен ресми түрде айтамын. Біз бұл жолдан қайтпаймыз. ...Ешкім балық ауламасын демейді. Аулайық, бірақ жабайылықпен ауламайық. Шамалы мүмкіндік берейік. Балық өссін, біз ретімен ғана шетінен алып отырайық”, - деді облыс әкімі браконьерлермен күрестің күшейетінін білдіріп.

Нұрлан Ноғаев соғыстан кейін азайып қалған балықтың 60-шы жылдары қалай көбейгенін де есіне алды.

“Соғыс кезінде балықтың бәрін майданға жіберген. Соғыс біткен соң 1945-65 жылдары балық аулауды уақытша тоқтатқан. (Соның арқасында – ред.) 65-ші жылдан кейін балық қаптаған. Кейін рұқсат берген. Бүгін сол күн қайта оралып отыр, балық тағы жоқ”, - деді ол.

Айта кетелік, балық уылдырық шашатын мезгілде су көлігін жүргізу ережесіне наразы болған бір топ атыраулық сәуірде билік өкілдерімен қақтығысқан еді. Себебі, балық қорғаумен айналысатын инспекция су жануарының көбеюіне кедергі болмау үшін моторының қуаты 20 аттың күшінен асатын қайықтарды теңізге шығармай қойған. Кейін наразылық танытқан 37 адамның тұрақты жұмысқа орналасуға келіскені белгілі болды.

Бірнеше күн өткен соң заңсыз ауланған 4 тонна балықтың Ресейге өтіп кеткені анықталып, көп ұзамай жергілікті Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтақ инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқали өз еркімен жұмысынан кету туралы арыз жазды.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір облыста Жайық, Қиғаш өзендерін тереңдету жұмысы жүріп жатыр. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту бағытындағы шаралар да күшейе түспек. Мәселен қазір ауданда 2 мамандық бойынша кәсіптік білім берудіұйымдастыру жүзеге асырылып жатыр, жақын мезгілде колледж ашу мәселесі де көтерілген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
28 Қыркүйек 2017, 09:07
Мексикада балық жауды
Пікірлер