BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстандағы ең жас әкімнің жоспары қандай?

Фото: Данияр Айтышевтың жеке мұрағатынан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның ең жас ауыл әкімі Ертіс өңірінде тұрады. 28 жастағы Данияр Айтышевтың Тереңкөл ауылдық округіне басшылық еткеніне көп бола қойған жоқ. Халқына жақын болуды мақсат еткен азамат Тәуелсіздік күні қарсаңында ауыл жұртшылығының өмірін жақсартудың стратегиялық жоспарының нәтижелерімен таныстырған. Жоба жөнінде агенттік тілшісіне айтып берді.

Ел өңірлерінде бюджеттің төртінші деңгейі бекітілгені белгілі. Оның аясында облыстың 31 ауылына жетекшілік етіп жүрген әкімдердің барлығы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында арнайы жобалар әзірлеген. Басымдық халықты ауызсу, жылу және әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелермен қамтуға берілсе де, Данияр Айтышев инженерлік қажеттіліктермен бірге, халықтың патриоттық сезімін, ауызбіршілігін арттыруға мән берген дұрыс деген пікірде.

«Тереңкөл ауданының орталығында 7,5 мың адам тұрады. Бүгінде азаматтар саны табиғи демографиялық өсімнен гөрі ішкі көші-қон есебінен артып келеді. Халық аудан орталығына неліктен ағылады? Себебі, мұнда нәпақа тауып, отбасын асырау үшін жұмыс бар. Елді мекенде орталықтандырылған су және жылу жүйелері, маршруттық автобустар, қоқыс шығару сияқты игіліктердің бәрі бар. Өміріміз қаламен бірдей десе де болады. Одан кенде емеспіз. Бізге халықтың бірлігі мен белсенді азаматтық позициясы керек. Мәселе туындағанда әкімдікке шағымданбай, бірлесіп шешетін деңгейге жетуді мақсат етемін», - дейді әкім.

Айта кетейік, Данияр Айтышев әкім қызметіне дейін «Жас Отан», «Жасыл ел», «Қазақстан студенттерінің Альянсы» ұйымдарының құрамынде еңбек еткен. Былтырғы жылы Тереңкөл ауылының әкімі болып тағайындалды.

«Тәуелсіздік жылдары ауыл өмірі танымастай өзгергеніне куәміз. Өзім Екібастұз қаласында туып-өссем де, ауыл тіршілігі жаныма жақын. Себебі, осы елді мекенде атам мен апам, анам дүниеге келді. Менің ойымша, әр ауыл азаматының өз жеке пікірі болуы керек, оны көрсете білу де маңызды. Сонда олар өздерін қоғамның толыққанды бір мүшесі ретінде сезініп, кіші Отанының болашағын жарқын ету жолында тынымсыз еңбек етеді. Мен әзірлеген жобаның мақсаты да – осы. Әкімдікке жүктелген міндеттерді орындауға қарапайым азаматтарды тарту, сонымен қатар, ауылды қоқыстан тазарту. Ең бастысы, туған жерге деген сүйіспеншілік мәдениетін дамыту. Ауылға әкім болып келгенімде кез келген адам жеке мәселелері бойынша жергілікті билікке шағымдана беретін. Олай болмайды», - дейді Данияр Айтышев.

Жоба аясында халықтың өз мәселерерін шешуге белсенділікті арттыру мақсаты тұрды.

«Екі көрші араздасып қалды делік. Бұл мәселені әкімдікке жүктеу дұрыс емес екені белгілі. Осы тектес жайттар ауылда көптеп кездеседі. Біз осындай жағдайлар әкімнің құлағына жетпес үшін жергілікті ардагерлер кеңесінің құрметті ата-әжелерін тарттық. Оларды халық таниды, құрметтейді, кеңестерін тыңдайды. Сондықтан, сөздеріне де құлақ асады. Нәтижесінде әкімдікке түсетін шағымдар 60%-ға азайды. Яғни, жерлестерім азаматтық позициясын белсендірек таныта бастады», - дейді ол.

Жас әкімнің енгіді мақсаты – аудан орталығын қоқыстан тазарту мақсатында қайта өңдеу зауытын ашу. Бұл бағытта тұрғындар арасында қоқысты бөліп тастау мәдениетін қалыптастыру көзделген.

«Біз облыста алғашқылардың бірі болып қоқыс орнын сенімді басқаруға бердік. Енді қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмысымен жекеменшік кәсіпорын айналысады. Сонымен қатар, қоқысты сұрыптау технологиясы енгізілді. Тұрмыстық қалдықтар, пластикалық бұйымдар, шыны дегендердің бәрін бөлек-бөлек тастайтын болдық. Келер жылы бұл полигонға коммуникация жүйелерін тартамыз. Бұл жеде 15 жыл бойы қайта өңдеуге жететін қоқыс жиналып қалған. Экологиялық мәселені кейінгі үш жылда кезең-кезеңімен шешеміз. Шағын зауыт ашу жоспарланған», - дейді Данияр Айтышев.

Жоба шеңберінде «Белсенді азамат» атты байқау жарияланған. Ең белсенді тұрғындарға түрлі марапаттар тарту етілмек. Ал Тереңкөлден шаңырақ құрған әр жас отбасыға 50 балапан сыйлау дәстүрге айналмақ. Бұл да – жас әкім ойлап тапқан жаңашылдық.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер