BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Қазақстан» кен орнында болған апаттың себептері анықталды

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне тиесілі «Қазақстан» кен орнында болған апаттың себептері анықталды. Шахтадағы төтенше жағдайды тергеген комиссия жұмысын аяқтап, журналистерге мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі.

Еске салайық, 31 тамыз күні Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы шахталардың бірінде метан газы кенеттен бөлініп, апат салдарынан 3 кенші қаза тауып, тағы үш адам зардап шеккен болатын. Бір ай бойы «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы оқиғаның себептерін анықтаған мемлекеттік сараптаманың қорытындысы белгілі болды. Комиссия арнайы тергеу актісін жасап, жұмыс берушінің кінәсі 100 пайызды құрайды деген шешім шығарды.

«Апат кенеттен үлкен көлемде (925 тонна) көмірдің шығуы және 161 текше метрден астам көлемде газдың бөлінуі мен тау-кен қазбасының ары қарай газдалуының салдарынан болған. Өндіріс кезінде компания кәсіпорында тау-кен жұмыстарын жүргізу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін іс-жүзінде бар ғылыми зерттемелерді пайдаланбағыны апаттың бір себебі болды деп есептейміз. Комиссия қорытындысына сай жұмыскерлердің кінәсі 0 пайыз, жұмыс берушінікі – 100 пайыз. Біз кеніштің осы апаттық бөлігінде кен өндіруге тыйым саламыз. Бұл аумақта жұмыс тоқтатылған. Тазарту жұмыстарын жасап, кеніштің осы бөлігін қауіпсіз жағдайға келтіруге кеңес береміз. Содан соң егжей-тегжейлі тексеріс жасау керек», - деді комиссия төрағасы, ҚР ИДМ индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов.

Комиссия төрағасының айтуынша, қазақстандық ғана емес, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы тау-кен институтынан шақыртылған сарапшылар да осындай қорытындығы келген. Сондай-ақ, комиссия «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына және өндірістік қауіпсіздік бойынша өкілетті органға бағытталған 23 тараудан тұратын ұсыныс шығарған. Комиссия мүшелерінің айтуынша, компания газдық динамикалық құбылыстарды болжау және ескерту саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының жұмысына сүйеніп, кеншілердің еңбегін қауіпсіз етулері қажет.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер