BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қарағандыда «World Press Photo 2018» көрмесінде әлем журналистерінің үздік суреттері қойылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда әлемдік «World Press Photo 2018» байқауында жеңімпаз деп танылған фотожурналистердің жұмыстары қойылған көрме ашылды. 23 қарашаға дейін жұмыс істейтін көрмеге жер шарының түкпір-түкпірінде түсірілген үздік суреттер қойылған. Таспаға тартылған суреттерден өткен жылы әлемдегі орын алған ең маңызды оқиғаларды көруге болады.

Нидерланды Королдігінің ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін «World Press Photo 2018» байқауына биыл әлемнің 125 елінен 4500 фотограф қатысып, олар 73 мыңнан астам сурет жіберген. Байқау қорытындысында 42 фотографтың жұмыстары іріктеліп алынып, жеңімпаз танылып, көрмеге ұсынылған. Алдымен екі ай бойы Амстердамда көрермендердің назарына ұсынылған көрме бұдан кейін әлемнің басқа елдерінде де көрсетілді. Аталған шараны біздің елімізде Нидерланды Королдігінің елшілігі, Сорос-Қазақстан Қоры және «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

«Нидерланды Королдігінің елшілігі World Press Photo көрмесін Қазақстанда үшінші рет ұйымдастырып отыр. Биыл көрме Қазақстанның төрт қаласында ұсынылған. Бұл - Алматы, Астана, Қарағанды және Шымкент қалалары. Көрме әр қалада екі апта жұмыс істейді», - деді Нидерландының Қазақстандағы елшісі Дирк Ян Коп.

«World Press Photo» көрмесінің өкілі Анна Мехрдің айтуынша байқауға қатысушылар арасында қазақстандықтар бар.

«Биылғы байқауға екі қазақстандық қатысты. Олардың жұмыстары қазылар алқасының шешімімен лауреаттар қатарына ілікті. Жалпы байқауда қазылар алқасы тоғыз санат бойынша үздіктерді таңдайды. Фотографтар қоршаған ортаны қорғау, қазіргі заман проблемалы, ұзақ мерзімді жобалар, табиғат, спорт, жалпы және шұғыл жаңалықтар номинациялары бойынша байқауға өтінім білдіреді. «Жыл фотографы-2018» басты номинациясында венесуэлалық фотограф Роналдо Шемидттің фотосуреті жеңімпаз деп танылды. Суретте газтұтқыш киген ер адамның отқа оранып, жүгіріп бара жатқан сәті таспаға түсірілген. Фотосуретте бейнеленген жігіт 2017 жылы 3 мамырда Каракаста үкіметке қарсы наразылыққа қатысушы - Хосе Виктор Саласар Балса. Венесуэлла президентіне қарсылық шаралары кезінде 28 жастағы жігіт мінген мотоцикл жарылып, ол отқа оранады. Осы сәтте сол жерде болған фотограф жас жігіттің жанып жатқан кезін суретке түсіріп үлгерген. Бұл суреті үшін ол сынға алынды. Өртеніп жатқан адамға көмектесудің орнына суретке түсірді деп айыпталды. Фотографтың айтуынша, оқиға қас-қағым сәтте болған, ол тіпті не болғанын түсінбей де қалған. Осыдан соң жігітке көмек көрсетіліп, от сөндірілген», - дейді World Press Photo көрмесінің өкілі Анна Мехр.

Қарағандылықтар 2017 жылдың өзекті оқиғалары бейнеленген көрмеден Лондон көпіріндегі лаңкестік, Лас-Вегастағы қанды қырғын, Мьянмадағы шиеленіс, Венесуэладағы көтеріліс сияқты оқиғалардың ортасында болып, өмірлерін қатерге тігіп, суретке түсірген журналистердің жұмыстарын көре алады. Көрме Қарағанды мемлекеттік университетінің ғимаратында қойылған.

Студенттер экспозициялардан әлемдегі, қоршаған ортадағы өзекті проблемаларды көргендіктерін айтады.

«Суреттерде жер шарындағы адамдардың қиын өмірі, соғыстар, көтерілістер кезіндегі балалардың зардап шегуі көп бейнеленген. Қоршаған орта мен табиғаттың, жан-жануарлардың адами фактордың әсерінен қалай зардап шегіп жатқанын да көруге болады. Фотосуреттер кімге де болса үлкен ой салары анық», - дейді ҚарМУ-дың 1-курс студенті Жаннұр Нұрланқызы.

World Press Photo көрмесінің ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын Карбышев көшесі, 7 мекенжайында орналасқан ерекше көрмені тамашалауға шақырады. Көрме жұмысы 23 қарашаға дейін жалғасады. Кіру тегін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер