Қарағандыда WhatsApp арқылы 800-ге тарта адам жұмысқа тұрған - Аймақ|25 Қазан 2018, 17:23
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қарағандыда WhatsApp арқылы 800-ге тарта адам жұмысқа тұрған

Фото: Автор

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Жұмыспен қамту орталығы жаңа әдістерді пайдалана отырып, қарағандылықтарға жұмыс табуға көмектесуде. Жыл басынан бері халық арасында кеңінен танымал «WhatsApp» қосымшасы арқылы жұмысқа орналасқандар қатары көбейген. Орталық жұмыс іздестіріп жүрген қала азаматтарын «WhatsApp» мессенжеріндегі 8(775) 644-35- 80 нөміріне хабарласуға шақырады.

Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы «Ұялы телефондағы «WhatsApp» мобильдік қосымшасының көмегімен жұмыс іздеу» жобасын осыдан екі жыл бұрын іске қосқан болатын. Мобильді жоба халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша ақпараттандыру бағытындағы сәтті жоба екендігін дәлелдеді. Осы уақыт аралағында орталыққа «WhatsApp» арқылы 5533 адам жұмыс іздеп хабарласып, оның 791-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаны ұйымдастырушылар жаңа әдіс арқылы екі қолға бір күрек тапқандардың саны артып келе жатқандығын айтады.

«Қала тұрғындары 8 (775) 644-35-80 нөміріне «WhatsApp» арқылы хабарласып, өзіне қажетті ақпарат алып, сол арқылы жұмысқа орналаса алады. «WhatsApp» мессенжерінде ашылған ақпараттық чатта қазіргі уақытта 122 жұмыс беруші бос жұмыс орындарын ұсынған. Қаланың әрбір тұрғыны үйден шықпай-ақ, ұялы телефон арқылы көңілінен шығатын кәсіпорынға, мекемелер мен ұйымдарға жұмысқа орналаса алады», - дейді Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Айдана Несіпбай.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, «WhatsApp» қосымшасына азаматтар әлеуметтік, кәсіби бағыт-бағдар алу бойынша да жиі хабарласады. Тұрғындарға толыққанды ақпарат беру біріздендірген, «WhatsApp-қа» жазған әрбір азаматқа бос жұмыс орындары жайлы ақпарат беріледі.

Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына «WhatsApp» мобильді жобасы арқылы ақпарат алып, жұмысқа орналасқандар қатарында Аяжан Рымбекова бар. Ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мекемесіне маман болып жұмысқа кірісті.

Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығына көмек сұрап келген азаматтар өзіне-өзі қызмет ету орындарында компьютерге отырып, бос жұмыс орындары базасындағы жұмыс орындарын қарап, өздеріне тиісті жұмысты таңдауына да мүмкіндік жасалған.

«Орталыққа жыл басынан бері 17382 азамат жұмыс іздеп келді, оның 81,5 пайызы, яғни 14164 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды. Жұмыс іздеуші ретінде түйіндемесін порталға орналастыруға 10576 адам рұқсат берді. Қазіргі уақытта Жұмыспен қамту орталығының базасында 1829 жұмыссыз азамат тіркеуде тұр. Жұмыспен қамту орталығында жұмыс берушілер мен азаматтарды кәсіби білім беру мәселелері бойынша ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіледі. Биылғы жылы бульдозер машинисі, электр құрылғыларын жөндеу бойынша слесарь-электрик, металл жонушы, салқындату құрылғыларының машинисі, Д1 санаттағы жүргізуші, жүйе әкімшісі, веб бағдарлама жасаушы, маркетолог және тағы да басқа еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби оқыту жүргізілуде. Жыл басынан бері 909 адам білім алуға ниет білдірді», - дейді Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нүркен Баянов.

Фотолар: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер