BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қалаға тиіп тұрған Ильинканың халі қалай? Эксклюзив

Фото: Абзал Қалиев

Астана қаласы маңындағы ауылдар елорда мәртебесіне сай болуы керек деген талапты Елбасының өзі қойған еді. Бұл ең әуелі еліміздің дамуына, халқымыздың бақуатты тұрмыс кешуіне тікелей қатысты болса, екіншіден биыл елімізде өтетін айтула шара – ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмыстары еді. Елбасының елді мекендерге қатысты тапсырмасының берілгеніне де біраз уақыт болды. Ал Астана маңындағы ауылдардың тыныс-тіршілігі қандай?

Осы сұраққа жауап іздеп өткен аптада Қоянды ауылына барып қайтқан едік. Ондағы жағдайды да назарларыңызға ұсынғанбыз. Бұл жолы Қараөткел (Ильинка) ауылдық округіне жол түсті.

Астана маңындағы барлық елді мекенге ортақ мәселе ол – ауыл ішінің жолы. Қыс болса қар астында, жаз болса балшық астында жатар жолдың жайы тұрғындарды әбден мезі еткен. Қараөткелдің де жанайқайы – жаяу жүргіншілер жолы.

Екінші мәселе – ауылды жарықтандыру.

«Айнымалы тоқ көп. Тоңазытқыш, үтік, электр саймандарын күйдіріп жібереді. Ауыл ішіндегі негізгі көшелердің өзінде көше шамдары жоқ. Соңғы кезде ауылдағы электр жүйесі қымбаттап жатыр» - дейді тұрғындар.

Астанада көп кездеспейтін қаңғыбас иттер өкінішке қарай, ауылдарда көбейіп кеткен. Тіпті бұл қазіргі ең басты бас ауру болып тұр деуге болады. Кешкі уақытта сабақтан қайтатын балаларды қауып алатыны, қуалап кететіні өз алдына, көше бойындағы қоқыс жәшіктерін ақтарып, айналаны қоқысқа толтырып тастайтыны да үлкен мәселеге айналған.

Қараөткел ауылындағы тағы бір маңызды мәселе ауыз судың жоқтығы. Халық өз бетінше амалдап отыр. Көбі қала жақын болған соң Астанадан тасып ішеді. Одан қалса қалтасын қағып, дүкендерден сатып алуға мәжбүр.

Қордаланып қалған мәселелердің бірі – қоқыс. Бұл бір ғана Қараөткелде бар мәселе емес. Астана маңындағы ауылдардың бәрінде де қоқыс шығару мәселесі тұралап тұр. Бұл мәселе тікелей ауыл тұрғындарына қатысты. Себебі ауылды таза ұстауды тұрғындар өздері ойламаса, басқа ешкім де сырттан келіп, ауылды тазалап бермесі анық.

Тағы бір көзге түскен олқылық ауылда тұрып жатқан 35 мыңға тарта адамға бір ғана медпунктің қызмет көрсететіні. Әрине, қала жақын болғандықтан, ауыл тұрғындары өзі қалаған қалалық емханаларға жүгінетіні белгілі. Дегенмен, бір ауылда бір аурухана болуы керек екені уақыт талабы.

Нұра, Есіл қатарлы төрт өзеннің сағасында орналасқан ауылдың көктемгі жылымықта су басу қаупі де жоқ емес. Оның үстіне биыл қар да қалың түскен.

Ауылда балабақша мен мектеп мәселесі тиімді шешілген. Екі мектеп, 7 балабақша халыққа қызмет көрсетіп келеді. Дегенмен, мектепте мәселе болмаса да, мектепке келер жолдың проблемасы әлі де шешімін таппаған. Жаяу жүргіншілер жолы жоқтығынан оқушылар мектепке кез келген жермен келе береді. Ал негізгі жол біреу-ақ. Онымен көліктер де, оқушылар да жүреді. Тіпті бір-екі рет оқушыларды көлік қағып кеткен оқиғасы да тіркелген екен. Осы мектеп мәселесіне қатысты, Қараөткелдегі мектептерге көрші Қаражар ауылынан қатынап оқитын оқушылардың қауіпсіздігі де қарастырылмаған. Екі ауылдың арасы 2-3 шақырым жер, жолда бейіт бар, оқушылардың кеш қайтатын уақытында бұл алаңдайтындай мәселе екені анық.

Жаңадан екі мешіт бой көтермекші. Біреуі жақын арада бітеді, ал екіншісінің тағаны тартылып қойған екен.

Аталған мәселелер бойынша ауылдық округтің әкімімен сұқбат жасадық. Әкіммен болған сұқбатты алдағы күндері сайтымыздан оқитын боласыздар.

Суреттерді түсірген: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер