BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ғасыр жасаған аналарға құрмет көрсетілді

Фото: Автор

«Ел аналары» акциясы аясында «Нұр Отан» партиясы Ақмола филиалының өкілдері ғасыр жасаған аналарды 8 наурыз мерекесімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтық тiлшiсi.

Қазіргі уақытта Ақмола облысында 100 жастан асқан 14 ақ жаулықты ана тұрып жатыр. Солардың бірі – Еңбек ардагері Сәлима Әлиева.

Көкшетау қаласының іргесіндегі Нұрлы көш ауылында тұратын Сәлима Баязитқызы Ақжар ауданында 1917 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. 100 жылдық ғұмырының ішінде пешенесіне жазған өмірдің ащы-тұщысының бәрін көрген. Жастық шағы қиын-қыстау уақытпен тұспа-тұс келген. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ел басына төнген ауыртпалықты ол да арқалаған. Ер-азаматтың бәрі қолына қару алып, қияндағы майдан даласына аттанған кезде тылдағы тынымсыз жұмыстың қара нарға жүк болар зіл салмағын тал шыбықтай бұралған әйелдер көтергені белгілі.

«Ол уақытта егін де ектік, мал да бақтық. Таусылып бітпес қоғамдық жұмыстарды қиналсақ та қайыспай, сан шаруаның басын қайыра жүріп, бала-шағаларымызды да өсірдік», деп еске алады Сәлима әже.

Сәлима әжей жарық дүниеге 12 бала әкелген екен. Қазір сол перзенттерінің бесеуінің көзі тірі. Бауыр еті – балалары сыйлаған 23 немере мен осынша шөберенің ортасында қарт әже асыл қазына іспетті. Кейуана киген қамзолына «Алтын алқа» орденімен қатар азаматының орден-медальдарын да тағып алған. Әжей қазір Ғабдылжан есімді немересінің қолында тұрады.

Мұндай тосынсыйды күтпеген Сәлима әже өзіне айрықша көңіл бөліп келгендеріне ризашылығын білдірді.

«Ер азаматтар соғысқа аттанған кезде біз егін егіп, ердің жұмысын істедік. Тракторға де отырдық, күрекпен айырды да қолға алдық. Осылайша жеңісті жақындатуға өз үлесімізді қостық. Бүгінгі жастарға айтарым, ерінбей еңбек етсеңдер, сендер бағындымайтын белес болмайды», – дейді жүз жасаған қария.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер