BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Есімін Елбасы қойған Ерсұлтан

Фото: Автор

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Арал ауданында Елбасы есімін қойған Ерсұлтан атты өрен тұрады.

Ерсұлтан Бақтыбаев 2005 жылы сәуірде Қосжар ауылында дүниеге келген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол жылы Арал өңіріне барған уақытында ауыл ақсақалы Бақтыбай Шораев «жаңа туған немеремнің атын қойыңыз» деп өтініш айтады. Сонда Елбасы: «Нұрсұлтан деп көбі қойып жатыр ғой, немереңіздің есімі Ерсұлтан болсын!» – деп қойған болатын.

«Қазіргі таңда сол Ерсұлтан біздің №67 орта мектепте сегізінші сыныпта оқиды. Ол – оқу үздігі, сабаққа деген ынтасы өте жақсы. Ал атасы Бақтыбай 2014 жылы дүниеден озды. Қария ауылдың батагөйі еді. Елді бірлікке, тірлікке шақырып отыратын. Шора деген бидің баласы. Бақытбай ата Қосжар елді мекенінде гидротехник, кейін бас маман болып қызмет атқарған. Сондай ақсақалдың немересі Ерсұлтан жүрегіне отансүйгіштік сезімді сіңіріп, өсіп келеді. Есімімен мақтанып қана қоймай, оның жауапкершілігі барын да естен шығармайды», – дейді №67 мектеп директорының орынбасары Гүлмира Әбибуллаева.

Ерсұлтанның анасы Айнұр Ібрашеваның айтуынша, өткен жылы Сыр өңіріне келген Ел Президентімен баласы кездескен.

«Былтыр Елбасы келгенде балам сөз сөйлеп, «Нұрсұлтан ата, есімімді өзіңіз қойдыңыз» деп 2005 жылғы сапарын есіне салған болатын. Сонда Елбасы Ерсұлтанға планшет сыйлап, батасын берді. Балам Елбасы секілді ел азаматы болғысы келеді. Өжет, ойын ашық айтады. Қазір атасы да, әжесі де өмірден өткен. Ата-әжесі «Бұл – Елбасының баласы» дейтін. Ал Ерсұлтанымыздан үлкен ұлымыздың аты – Қырымбек. Оның да келешегіне сеніммен. Қарап жүрміз. Оның есімі Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың құрметіне қойылды. Қырымбек Елеуұлы Қосжар ауылына келгенде екі баламызға ақ батасын берген болатын. Тек тіл-көзден сақтасын. Отбасымызда төрт баланы тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Әкесі Ғабит балық өсіру питомнигінде жұмыс істеуде», – дейді Айнұр Ібрашева.

Бақтыбай ақсақалдың болашағынан үміт күткен немересі Ерсұлтан атасының сеніміне селкеу түсірмеуге тырысуда.

«Қазір жасым он үште. Жақсы азамат боламын. Есімімді Нұрсұлтан ата қойғасын, оның атына кір келтіргім келмейді», – дейді Ерсұлтан.

Фото: отбасылық мұрағаттан


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер