BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бостандыққа шыққан Мұхтар Әбләзовті барлығы «лақтырып кеттi» – куәгер

Таразда Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi жалғасуда. Кеше сот отырысында қылмыстық iс материалдары қаралса, бүгiн куәгерлерден жауап алынды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Бүгiн Тұран Әлем Банкi Қауiпсiздiк қызметiнiң бұрынғы қызметкерi Николай Кузьменко куәгер ретiнде жауап бердi. Оның айтуынша, Мұхтар Әбләзов бостандыққа шыққаннан кейiн (2003 жылы - авт.) БТА Банкiндегi өз акцияларын қайтаруды жоспарлаған. Сондай-ақ, холдинг ашып, бiрқатар басқа ұйымды қайтаруды көздеген.

Қауiпсiздiк жүйелерiнiң маманы Кузьменко 1994 жылдан бастап «Астана холдинг» құрамындағы «Стройтехпроект» АҚ-та жаңа технологиялар бөлiмiнiң басшысы болып қызмет еткен. «Астана холдингтiң» Мұхтар Әбләзовке тиесiлi болғаны мәлiм. Кузьменко Әбләзов түрмеге отырғанға дейiн және бостандыққа шыққаннан кейiн онымен қызметтес болғанын айтты. Әбләзов түрмеден шыққан соң Николай Кузьменконың кеңсесiне келiп, барлығын қайта бастағысы келгенiн жеткiзген.

«Ол маған былай дедi: барлығы жақсы болады, маған Тұран Әлем Банкi мен бiрқатар кәсiпорын қайтарылады. Мен оларды түрмеге түскенде басқаларға рәсiмдеп қойған едiм... Ал күзде Әбләзовтың жақын досы - Мұратбек Кетебаевпен сөйлестiм. Ол маған: Муханы барлығы «лақтырып кеттi». Оның ақшасын ешкiм қайтарғысы келмейдi Бiрақ, бiз бәрiбiр бұл мәселенi шешемiз дедi», - дейдi Кузьменко.

Куәгердiң айтуынша, Мұхтар Әбләзовті ақшадан гөрi бизнес жүргiзу процесi қызықтырған.

«Әбләзов бостандыққа шыққаннан кейiн банк акцияларын қайтара алмады. Оның ашуы осыдан басталды. Ол түрмеден шыққан соң оған Тәтiшев үлесiн қайтарады деп ойлады. Бiрақ, бiреуi уәде бердi, екiншiсi орындамады. Менiң ойымша, осындай жағдайдан кейiн Мұхтар қатты ашуланды. Ол - талантты адам, ол - гроссмейстер, ол - шахматшы. Ол барлығын алдын-ала жоспарлайтын, ал бұл Әбләзов үшiн күтпеген жағдай болды, - дедi Кузьменко.

Еске салсақ, 2017 жылғы 12 маусымда Алматыдағы арнайы операция барысында «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшiсi Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Бизнесмен «Iрi көлемдегi мүлiкке ие болу мақсатында бопсалау» бабы бойынша қылмыс жасады деген күдiкпен құрықталып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.

2017 жылғы қазанда КТК арнасынан көрсетiлген фильмде Тоқмәди 2004 жылы Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындап, банкирдiң көзiн Мұхтар Әбләзовтің тапсырысымен жойғанын айтты. Сондай-ақ, Әбләзовтен Тәтiшевтi өлтiру үшiн 2 траншпен 4 млн доллар көлемiнде сыйақы алғанын да жасырмады. Осылайша, Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн Тұран Әлем Банкiнiң басшылығына келген. 2018 жылғы 16 ақпанда Жамбыл облыстық сотында Тоқмәдиден жауап алынып, ол осы айтқандарын растады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер