BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.29 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.93
Астана:

BI Group, KEGOC, Highwill: ірі компаниялар Түркістанға қандай нысан салып береді

Фото: Ақорда мұрағатынан

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізгені белгілі. Сол жиында Елбасы министрлер мен үкімет мүшелеріне, еліміздегі алпауыт компаниялардың басшыларына Түркістан қаласына бір-бір нысан салу жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.

Әрбір басшыны орнынан тұрғызып, жеке-жеке сөйлескен Елбасы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетілгенін, енді олар да мемлекете үлес қосаулары керектігін айтты. Түркістан қаласына қажетті нысандарды тізбелеп, танымал компанияларға нақты міндет жүктеді.

Мәселен, Елбасы «Базис-А» компаниясының басшысы Александр Беловичке «Сіздер спорттық және мәдени нысандарды жақсы салып жүрсіздер. Бұл жерге театр керек. Оған қауқарыңыз жетеді деп есептеймін. Түркістанға әдемі, әмбебап театр салу қажет» деді. Компания басшысы тапсырманы орындайтынына уәде берді. Ал, ENRC басшыларының бірі, атақты миллиардер Патох Шодиевке Түркістанда әлемдік деңгейдегі Түркі халықтарының музейін салып беру жөнінде тапсырма міндет жүктелді. Сонымен қатар, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа халықаралық талапқа сай үлкен стадион салу жөнінде тапсырма берілді. «Орындаймыз!» деді ол.

Айдын Рақымбаев басқаратын BI Group компаниясы Қазақ хандары мен билерінің, батырларының орталығын ашып берсе, «Хайвилл Қазақстан» компаниясы тұрғын үй кешенін салуға кіріседі. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы жастар сарайын қолға алса, «KEGOC» Қожа Аxмет Ясауидің шағын музейін салып береді. Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ Түркістанда заман талабына сай почта бөлімшесі мен цифрлық кеңсені қолға алса, «Қазақтелеком» Smart теxнологияларды енгізеді. Кәсіпкер Данияр Абылғазин су спорты кешенін салуға уәде берсе, Нұрлан Смағұлов көлік салонын ашып береді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Түркістанға қаржылай қолдау көрсетсе, түркиялық компаниялар да Түркістанды дамытуға үлес қосатын болды. Осы жиында кәсіпкерлер мен ірі компаниялар Түркістанға аурухана, туризм колледжін тарту ететіндерін жеткізді. Мемлекет басшысы әрбір нысанды қағазға мұқият белгілеп, оны салу міндеті кімге тапсырылғанын жазып алып отырды. Облыс әкімдігі мен компаниялар арасында келісімдер түзіліп, жұмысты бастау керектігін жеткізді.

«Шаһар тұрғындары санының өсуіне және туристердің көптеп келуіне байланысты әкімдікке, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, Түркістан қаласының теміржол вокзалын реконструкциялау, оның өткізу мүмкіндігін ұлғайту, сондай-ақ әуежай салу және әуе қатынастарын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырамын. Түркістанды заманауи технологияларды қолдана отырып, төл мәдениетімізге сай қайта жаңғырту керек. Сосын Түркістанды дамыту қорын да құрған дұрыс. Кім қолдау жасауға дайын, сол ақшаны аударсын.

«Көз — қорқақ, қол — батыр» демекші, осының бәрін бір-екі жылда бітіретін болсақ, Түркістан жайнап шыға келеді» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, 29 қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент және Түркістан қалаларына іссапармен барды. Ол Қазақстан Президенті «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінаралап көрді.

Айта кетсек, бұған дейін Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кіргенін хабарлаған болатынбыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер