BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Ауылын қойып, әкімдігінің өзі қардан тазаланбаған Талапкер Эксклюзив

Фото: Ержан Жаубай

Астана маңындағы ауылдарға рейд жасау сапарымызды осы апта Талапкер ауылдық округіне бағыттадық. Басында Талапкерден ғана қайтамыз деп ойлаған едік. Алайда, бұл елді мекенге тиіп тұрған Қажымұқанның «хал үстіндегі» жағдайы бізді әуелі атбасын сонда бұруға итермеледі.

Ауыл расымен «хал үстінде» жатыр екен. Нағыз, «кірген із бар да, шыққан із жоқ» деген сөз осы ауылға қарата айтылған секілді. Себебі ауыл ішіндегі қардың қалыңдығы жер үйлердің желкесінен қарап тұр.

Біз барады дегенді естіген ауыл тұрғындары ауылдағы жалғыз балабақшаның алдына жиналып қалыпты.

Ауылда 6 мыңға тарта адам тұрады екен. Алайда тұрақты тіркеуде тұрғаны мыңға да жетпейді. Барлығы дерлік қалада жұмыс істейді. Ауылда күндіз қалатындар - мектеп жасындағы балалар мен қариялар.

«Қарды өзің көріп тұрсың қаншалықты екенін. Ал, ауылдағы мәселелерді жіпке тізіп, қағазға қаттар болсақ, шашың жетпейді. Ауыз су жоқ, жол жоқ, мектеп тар, қар күрелмеген, дәрігерлік орталық жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталығы жоқ. Қандай бір мәселе туындаса сонау Астананың ар жағындағы Ақмол ауылына баруға мәжбүрміз. Тіпті, әкіміміздің түрін көрмегенімізге бір жылдан асты. Қаңтар айының соңында келіп, есеп беріпті деп естідік. Ешкімге айтпай, оншақты адамды жинап алып, өз білгенін ғана айтып кеткен екен», - дейді ауыл тұрғындары.

Астана айналасындағы ауылдарға ортақ мәселе бұл ауылды да айналып өтпеген. Қоқысты қайда тастарын білмей отырған халық кеш болса үйден шыға алмайды, қаңғыбас иттер талап тастай ма деп қорқады.

Мынадай техникамен бір сағат қар күрету – 8 000 теңге тұрады. Әкімшіліктен үміт жоқ. Ал бір сағатта күреп, тауыса қояр қар көрінбейді.

Қажымұқан ауылынан кейін Талапкерге тоқтадық. Бұған дейін Қоянды мен Қараөткелден көрген көрініс мұнда да алдымыздан шықты. Дегенмен, Талапкерде шашылып жатқан қоқыстың аздығын байқадық. Алайда ауылдардың бәріне ортақ жол, су, жарық, мектеп мәселесі мұндада бар екен.

Талапкердің іші де толған қар. Тіпті, әкімшілік ғимараты орналасқан ауланың қары да тау-төбе.

Ал Талапкердің тазалығына жауапты мекеменің бір көлігі әкімшілік ауласында қар астында жатыр.

Есіл мен Нұраның ортасында орналасқан ауылдың тағы бір үрейі – су басу қаупі. Биылғы қардың қалың түсуі ауыл тұрғындарын онан сайын алаңдатып отыр.

Ауылдағы азаматтардың көбі қалаға қатынап жұмыс істейді.

Мынадай ауылмен алдағы жазда ЭКСПО-ны қалай қарсы алар екенбіз деген уайым біздің де көңілімізде тұрды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер