BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Атырауда Jas Sarbaz әскери-спорттық интеллектуалды эстафетасы өтті

Фото: интернеттен

Астана, BAQ.KZ. Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында әскери-патриоттық клубтар арасында (10-11 сынып оқушылары мен 1-2 курс колледж студенттері) «Jas Sarbaz» атты әскери-спорттық интеллектуалды эстафета өтті.

Аталған іс-шараны Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы жанындағы Алғашқы әскери дайындық кабинетімен бірлесе отырып ұйымдастырды. Жарысқа қала мен аудандардан іріктелген 9 команда қатысты (150 оқушы-студент).

Іс-шараға Атырау облысының әскери-патриоттық клубтарының жетекшілері мен Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университеті жанындағы әскери кафедраның өкілдері шақырылды.

Командаларға сәттілік тілей келген дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының директоры Сәдіржан Жекенов осындай әскери-патриоттық шараларды ұйымдастырудың жастар үшін маңызы зор дейді.

«Елімізде әскери саланы дамытуға, оған жастарды тартуға жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Өскелең ұрпаққа отаншылдық тәрбие беруде, жігерлі жастарды тәрбиелеуде осы әскери-патриоттық клубтардың орны ерекше деуге болады. Сіздерге бүгінгі сайыста сәттілік тілеймін. Облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда облысымыздың абыройын асқақтата беріңіздер», - деді Сәдіржан Жекенов.

Әскери-спорттық интеллектуалды эстафета командалық және жекеше спорт түрлерінен өтті.

Эстафета қатысушылары келесі жарыс түрлерінен сайысқа түсті:

  • спорттық (секіру, жорғалау);
  • интеллектуалды (компьютер сұрағына жауап беру)
  • АК-74 автоматын бөлшектеу және жинақтау;
  • алғашқы медициналық көмек көрсету;
  • жалпыәскери қорғаныс киімі мен газ тұмшаларын кию.

«Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында Қарулы Күштеріндегі әскери қызметті насихаттау, әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру», - деп толықтырды Атырау облысының ҚІД баспасөз қызметі.

Эстафета қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленген Жылыой ауданынан «Намыс» клубы. Сондай-ақ, үштікке ілінген жеңімпаздар қатарына Атырау қаласы №27 мектебінің «Сарбаз» командасы мен Исатай ауданынан «Қорғаныс» командасы. Жеңімпаздарға кубок тапсырылып, әрбір ойыншы медаль және грамоталармен марапатталды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер