BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Аралдық жас жігіт темірден түйін түйеді

Фото: Автор

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Арал ауданы Сексеуіл кентінің тұрғыны Қайсар Алдабергенұлы темірден түйін түйеді. Электр және газбен дәнекерлеу мамандығын меңгерген ол республикалық «Еңбек жолы» байқауына қатысып, «Өндірістің үздік жас қызметкері» бойынша бағын сынады.

25 жастағы жігіт бүгінде «Қамқор Локомотив» серіктестігінің Сексеуіл локомотив жөндеу депосында жұмыс істейді. Ел экономиканың күретамыры саналатын теміржол саласын, дәлірек айтсақ, пойыздарға сервистік қызмет көрсететін мекемеде жас маман өзінің шеберлігінің арқасында абыройлы қызмет атқаруда.

«Металды дәнекерлеймін. Жұмысым сырт көзге оңай көрінер. Шын мәнінде ыждаһаттылық, шыдамдылық қажет. Шығармашылық қабілетің де шыңдалады. Өйткені, бір темір мен екінші темірді дәнекерлеп, әдемі бұйым шығару – үлкен өнер деп білемін», – дейді жас маман.

Қайсардың айтуынша, электр және газбен дәнекерлеуші маманы кез келген өндірісте сұранысқа ие.

«Дәнекерлеуші болу – бала кезгі арманым. Әкем осы салада отыз жылдық өмірін сарп еткен. Ол «сварканы» қолына алып, жарқылдатып жатқанда, қызығып қарап тұратынмын. Сондықтан, әкемді ұстазым деп айтсам да болады. Кейін Арал ауданы №16 кәсіптік техникалық лицейіндегі алты айлық оқу курсына қатысып, дәнекерлеуші мамандығын игердім. Осылайша 2016 жылдан бастап Сексеуіл локомотив жөндеу депосының газ электр дәнекерлеуші маманы атандым», – дейді Қайсар.

Алдаберген Құрақов болса, баласы өзінің жолын қуғанына дән риза.

«Өзім 30 жыл дәнекерлеуші болдым. Баламды сегізінші сыныбынан бастап қасыма ертіп, дәнекерлеушілікке баулыдым. «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, балам менен озғалы тұр. Оған неге қуанбасқа?! Темірден көздің жауын алатындай кез келген дүниені жасай береді. Тапсырыс қабылдайды. Жылу жүйесін де жүргізеді. Ағаш ұсталығы тағы бар. Менің әкем Тұралы да ұста болған еді. Ер-тоқым, ат әбделдерін шебер жасайтын. Енді, міне, баламыз ізімізді жалғастыруда. Балам шаңырақ құрған, екі немереміз бар, шүкір», – дейді Қайсардың әкесі.

Өнерлі жігіт өрге жүзуде. Кәсібінен бөлек, ән шырқап, той-думанның көркін қыздыратын таланты да бар.

«Мамандықтың жаманы жоқ, тек өз кәсібіңді сүйіп істесең, жемісін беріп, биікке жетелейді», – деді Қайсар сөзінің соңында.

Фотолар: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер