BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақтөбеге Димаш келді

Ақтөбеде өтіп жатқан «Туған жер» республикалық форумына Димаш Құдайбергенов келді. Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда болған форумның гала концертінде өнер көрсетті. ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ақтөбеліктерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған хатты оқып берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ақтөбеде басталған «Туған жер» республикалық форумының алғашқы күні гала-концертпен аяқталды. Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткен үлкен шара форумға қатысушылардың көңілінен шықты. Әлемнің 21 мемлекеті мен еліміздің әр өңірінен жиналған ақтөбеліктерге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған сәлемін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жеткізді.

«Қазақстан қастерлі Тәуелсіздігінің үшінші мүшелін зор рухани жаңғырумен бастады. Менің бағдарламалық мақаламның аясында еліміздің барлық аймақтарында кең ауқымды жұмыстар қолға алынды. «Рухани жаңғырудың» негізінде жүзеге асырылып жатқан айрықша маңызды жобалардың бірі — «Туған жер». Әркімнің кіндік қаны тамған туған жері қайда жүрсе де жүрегінің төрінде. Біздің әрқайсымыз туған өлкемізді мақтан етеміз, алыс жүрсек сағынамыз, қамқорлық жасаймыз. Туған жерге іңкәрлік Туған елге сүйіспеншілікпен ұласады. Туған жерге қамқорлық Туған елге жанашырлықпен астасады. Бүгін Ақтөбеден бастау алған игі шара еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын табарына сенімдімін. Сіздер шынайы патриотизм — «Мәңгілік Елдің» мызғымас тұғыры екенін бек түсініп, осынау патриоттық сезімді барша замандастарыңызға жеткізулеріңізді тілеймін! Сүйікті Қазақстанымыз гүлдене берсін! Мерейіміз асып, бірлігіміз таси берсін! Мәңгілік Елдің көк байрағы әрқашан асқақ желбіресін!», - делінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында.

Студенттер, мектеп оқушылары мен кішкентай бүлдіршіндердің қатысуымен орталық стадион алаңында театрландырылған көрініс қойылды. Жастар молшылықтың белгісі ретінде тарының масағын алып шығып, биледі.

Мерекелік концертте Ақтөбеден шыққан елге танымал әншілер Жанар Айжанова, Қанат, Света Айтбаевтар, Мирас пен Құралай Бекжановтар, опера әншісі Венера Алпысбаева өнер көрсетті. Ал, «МузАрт» тобы арнайы құттықтап келді. Дегенмен, гала-концерттің басты қонағы елімізді әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергенов болды. Жерлестеріне әнші де ақ тілегін арнап, алғыс білдірді. «Туған жер», «Жұлдызым» әндерін шырқады.

«Сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Барша еліме, ағаларым, әпкелеріме үлкен рахмет. Қазақта жақсы мақал бар ғой, «Алыстан 6 жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп сәлем береді» деген. Кішкентай ғана қонақкәдемді, өнерімді бағалап қол соққандарыңызға рахмет. Сіздерді жақсы көремін. Қатты сағындым», - деді Димаш Құдайбергенов.

«Туған жер» республикалық форумы жабық түрде өтті. Барлық қонақтар арнайы шақыртумен кіргізілді. Орталық стадионға кіре алмаған тұрғындар ұйымдастырушыларға өкпелі.

«Көптеген мемлекеттен жерлестеріміз келіп жатыр екен. Алайда, мына үлкен шараны қарапайым халық та көруі керек деп ойлаймын. Жабық түрде өткізді. Не үшін? Ашық алаңда немесе үлкен саябақта неге өткізбеген?», - дейді Арман Алдамжан.

«Ақтөбеде Қазақстан бойынша алғаш өтіп отырған форум. Өте қуаныштымын. Жерлестерімізді шақырып, бас қосып жатыр. Көп мәселелерді шешуге атсалысып, қолдау білдіреді деп ойлаймын. Алайда, бүгінгі мерекені, әсіресе, оған қатысатын Димашты көп күттік. Бірақ, көре алмадық. Стадионның сыртынан дауысын ғана естідік. Қарапайым тұрғындарды да кіргізу керек еді», - дейді қала тұрғыны Мейрамгүл.

Ақтөбеліктер мерекелік концерт кезінде тегін бауырсақтан ауыз тиіп, соңында отшашуды тамашалады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
11 Қаңтар 2018, 19:43
АЛМАТЫДА "ҚЫЗЫҚ КӘНСЕРТ"
Пікірлер