BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 378.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 429.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Ақтөбеде жеміс-жидек бағы отырғызылды

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақ орталығын абаттандыру жұмысымен танысты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Ең алдымен өңір басшысы Қарғалы (Нұр Ақтөбе) тұрғын үй алабында ағаш отырғызуға қатысты. Энергия үнемдеу орталығы ғимаратының жанынан жеміс-жидек бақшасы мен демалыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Қарғалы ауылының үлкендері, мемлекеттік қызметкерлер, мамандандырылған көгалдандыру мекемелерінің қызметкерлері 500 алма, алмұрт және өрік ағаштарының көшеттерін отырғызды. Жақын күндері демалыс орны тағы жөке және үйеңкі ағаштарының 1500 көшетімен толықпақ.

«Алмалар мен өріктер біздің климаттық жағдайға толығымен бейімделген, жергілікті тәлімбақтарда өсірілген. Осы көктемде қала бойынша 200 мыңға тарта емен, үйеңкі, жөке, тал және тағы басқа қылқанжапырақ пен бағалы тұқымдас ағаштарды отырғызамыз. Бұдан басқа, тағы 200 мың көшет қаладағы жасыл белдеуді толықтырады», - деді қалалық тұрғын үй-шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Серікбаев.

Жеміс-жидек бағын отырғызуға қатысқан облыс әкімі тұрғын үй алабының халқымен тілдесті.

«Жуық арада мұнда 200 мыңға жуық адам тұратын болады, бұған барлық инфрақұрылым есептелген. Мектеп, балабақша салуды, жолдарды жөндеуді жалғастырамыз. Жақында үйге жылу, газ, су, жарық беру кезінде қуат көзін үнемдейтін Электр үнемдеу орталығын пайдалануға береміз. Барлық үйлердің кіре берістеріне, аулаларға камера орнатамыз. Оны тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың жолын кесу үшін осы орталықтан бақылап отыратын болады. Ғимараттың бір қанатында «Халықтық кеңсе» орналасады. Тұрғын үй алабын көгалдандыру – маңызды, бүгін егілген бақ 3-4 жылдан кейін аудан тұрғындарының жақсы демалыс орнына айналады. Суаратын судың үнемі болуы үшін Песчанка өзеніне Ақтөбе су қоймасынан су жеткіземіз», - деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде, жергілікті тұрғындар жасыл желектер мен аумақтың басқа да абаттандыру нысандарына ұқыпты қарауға уәде берді.

«Біздің тұрғын үй алабымыз үлкейіп, жақсарып келеді, тұрғындардың жүріс-тұрыс мәдениеті өсіп келеді», - деп атап өтті аудан тұрғындарының бірі Мұқан Қазкеев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер