BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақтөбеде туберкулез жұқтырған оқушы жазғы демалысын Атырауда өткізген

Фото: Автор

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе қаласындағы №10 орта мектептің оқушысынан ашық формадағы туберкулез анықталды. Білім мекемесінде карантин жарияланған. Оқушылардың барлығы медициналық тексеруден өтіп жатыр.

Ақтөбедегі Оңтүстік-Батыс ауданындағы №10 орта мектептің бастауыш сынып оқушысынан ашық формадағы туберкулез анықталды. Оқушы 27 қыркүйек күні ауырып, ұстаздары ата-анасын шақыртқан. 28 қыркүйекте бала ауруханаға жатқызылды. 4-сынып оқушысына туберкулез диагнозының қойылғандығын педагогтарға 3 қазанда айтылған. Мектеп директорының орынбасары Гүлайым Иманованың сөзінше, қазір мектеп оқушыларының барлығы медициналық тексеруден өтіп жатыр.

«Қазір мектептегі оқушылардың 25 пайызына сынама жасалды. 1-9 сынып оқушыларына ғана манту егіледі. Ал, 10-11 сынып оқушылары флюрографиядан өтіп жатыр. Манту қорытындысы әлі белгісіз. Оны дәрігерлерден сұрайсыздар. Мектепке дезинфекция жасалды»,-деді №10 мектеп директорының орынбасары Гүлайым Иманова.

Оқиғаға қатысты бүгін өңірдегі денсаулық саласына жауапты мамандар брифинг өткізді. Ақтөбе қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына шұғыл хабарлама 5 қазан күні түскен. Мамандар бірден тексеріс жүргізіпті.

"5 қазан күні қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарлама түсті. Хабарлама бойынша, жедел түрде территориялық тексеріс жүргізілді. Қазір мектепте санитарлық- гигиеналық жағдай тұрақты. Оқу орнындағы барлық сыныпта дезинфекция жүргізілді. Отбасындағы 5 адамның да жағдайлары жақсы. Эпидемиологиялық тексерістен кейін оқушының жазғы демалыста Атырау облысы Құлсары ауданында демалғаны дәлелденді. Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне хабарланып, қазір жедел түрде тексеру жүргізіп жатыр",- деді Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

№10 мектепте Гүлайым Иманованың сөзінше, 3 қазаннан бастап карантин жарияланған. Ата-аналар ішке кіргізілмей жатыр. Бірақ, дәрігерлер карантиннің жариялануы заңсыз дейді. Арнайы мамандардың рұқсатынсыз мектеп ұжымы карантин жариялай алмайды.

«Кеуде қуысындағы лимфа түйіндерінің туберкулезы диагнозы қойылды. Бала қазір ауруханада. Науқастың жағдайы қанағаттанаралық. 15 жасқа дейінгі балалардан туберкулезды анықтау үшін манту сынамасы жасалады. Ол үшін мектеп ауласына арнайы флюрография көлігін апарудың қажеті жоқ. Учаскелік дәрігерлеріне қаралып, емханада тексеріле алады. Ал, туберкулезды анықтауда 6-7 сынаманың ішінен біреуі оң нәтиже көрсетсе біз адамды емдеуге аламыз. Соңғы оқиғада карантин жариялауға негіз жоқ. Бастысы науқасқа сапалы ем көрсетіп, білім алуына жағдай жасау»,-деді облыстың бас фтизиатры Ерлан Тәтімов.

№10 орта мектепте 986 оқушы білім алады. 25 пайыздан көбі медициналық тексерістен өткен. Ал, Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның сөзінше, өңірде жағдай тұрақты. Туберкулез жұқтырғандар саны азайып келеді.

Фотолар: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер