BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетауда ақсақалдар бата беруден жарысқа түсті

Фото: Автор

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда батагөй қариялардың арасында алғаш рет байқау ұйымдастырылды.

Соңғы кездері отырған жерінде бәтуалы әңгіме айта алатын қарттардың қатары сиреп кеткенін, тіпті бата беруді сұрағанда біріне бірі сілтейтінін айтады қазылар алқасының мүшесі, ақын-сазгер Иран Тасқара.

«Бата бере білу де өнер. Жаттанды сөздерді емес, жаныңнан, жүректен шығарып айтуға машықтану қажет. Қай жерде, қандай жағдайда, не айту керектігін білу ләзім. Той дастарханы , өлім-жітім дастарханы, сапарға шыққандарға, жас балаға берілетін баталардың әр түрі бар. Сондықтан бұл жерде жай сөз саптасы ғана емес, мәдениеттілік те аса қажет. Біреудің көңіліне қаяу түсірмейтіндей, ойлы да есті, мағынасы терең тіркестерді айта білген жөн. Сонда ғана қария еліне, жақындарына сыйлы болады. Ұзақ-сонар созып, батаның берекесін кетіріп алмауды да ойлау қажет», - дейді Иран Тасқара.

Бата беру сайысына 60 пен одан жоғары жастағы 8 қария қатысты. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар туған жерге, елге бата берді.

Сайысқа қатысқан 83 жастағы Еркін ата саналы ғұмырын кен байлығын зерттеуге жұмсаған.

«Мешітке барған сайын намыз оқығаннан кейін қариялардан бата беруді сұрайды. Бұл да өзіндік бір жарыс сияқты. Қариялар бірінен бірі асырып, тілегін арнайды. Осылайша жаттығып қаламыз. Үйде кітап-журналдарды ақтарып, батаның түрлерін жаттап алуға тырысамыз. Бір жағынан білімімізді толықтырамыз, әрі шаршы топта тосылып қалмай, сөйлеуге машықтанамыз», - дейді Еркін ата.

Бата беру сайысына арнайы келіп қатысқан Қайырбек атаның жасы сексеннен асыпты.

«Бұл байқауға ұзақ дайындалдым. Егер адамның пейілі кең, көңілі хош болса, ол тез қартаймайды. Сондықтан тек жақсы тілектер айтып жүру керек» , - дейді ол.

Қариялардың өнерін тамашалауға келген Серік Бекбол есімді азамат батаның қашанда табыс әкелетініне сенімді екенін айтады.

«Жасы үлкен қариялар отырған жерінде жастарға ұлағатты сөз айтқаны жөн. Күні ертеңдері олар да жақсы тілек тілеуге машықтанады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа сақталып келе жатқан үрдіс», - дейді ол.

Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынға Қайырбек Әміржанұлы, екінші орынға Боқан Асқарұлы, үшінші орынға Жүнісбек Әленов ие болды.

Фотолар: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер