BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 378.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 429.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Ақмолада өндірісте зардап шегушілер қатары азаймай тұр

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Ақмолада өндірістік жарақат алу жағдайлары азаймай отыр. Жыл басынан бері 45 адам зардап шексе, оның 34-і ауыр жарақат алып, 11-і қаза болған.

Аймақтағы еңбек қатынастары жөнінде облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Берік Мұстафиннің айтуынша, оқыс оқиғалардың дені тау-кен-металлургия өндірісінде орын алған. Жазатайым жағдай салдарынан өндірісте 14 адам зардап шегіп, 3 адам көз жұмған.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген жұмыс берушілер қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелеріне назар аудармайды. Ал қауіпсіздік шаралардың сақталмауы түбінде адам өліміне алып келеді. Көбінесе өндірістегі жазатайым оқиғалар кездейсоқ апат ретінде қабылданады. Мұның өзі сол кәсіпорын басшылығының салғыртығы мен тәртіпті бетімен жіберуінің көрінісі. Жыл басынан бері өңірдегі кәсіпорындарда 450-ден аса тексеру жүргіздік. Еңбек қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жарақаттардың алдын алу мақсатында 79 семинар өткіздік. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады», - дейді Берік Мұстафин.

Өңірдегі «Алтынтау-Көкшетау» компаниясы атқарушы директорының орынбасары Нұркен Қасымовтың айтуынша, кәсіпорында еңбек қауіпсіздігін күшейту бойынша кешенді жоспар әзірленген. Осы мақсатқа 700 млн теңге бөлініп, 500 млн теңгеге арнайы құтқару құрал-жабдықтары сатып алынған.

«Бізде өндірістік қауіпсіздік басқармасы жұмыс істейді, оның құрамында ішкі тексеріс қызметі инспекторлары бар. Медициналық орталық қажетті аппаратурамен, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін медикаменттермен толық қамтамасыз етілген», – дейді Нұркен Қасымов.

Еңбек саласындағы қақтығыстарға, наразылықтарға әсер ететін маңызды факторлардың бірі – жалақының уақытылы төленбеуі. Облыстағы 62 кәсіпорын мен ұйым 2107 жұмысшыға 154,6 млн теңге берешек екені анықталған. Мемлекеттік инспекторлардың қатысуымен бүгінге дейін 153,5 млн теңгесі қайтарылған. Екі компания жұмысшыларына 1,1 млн теңге берешегін өтемеген. Еңбек қауіпсіздігін бұзған 226 лауазымды тұлғаға әкімшілік шара қолданылған.

«Жұмысшылар тарапынан өндірістік орындарда қауіпсіздік сақтала бермейтініне қатысты шағым айтылғанымен, тиісті қадағалаушы орындар бұған көз жұма қарайды. Кей жағдайда жұмысшының өзі де өз қауіпсіздігіне салғырт қарайды. Осы орайда өндірісте жұмыс істеуге қауіпсіз жағдай туғызу арнайы заңмен бекітілуі тиіс», - дейді облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Кеңес Бекішев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер