BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақмолада кәсіпорындардың 187,6 млн теңгеден астам қарызы бар

Фото: интернеттен

Ақмоладағы бірқатар компания қызметкерлеріне жалақы төлеуге қауқарсыз. Өңірдегі кәсіпорындардың жұмысшыларға 187,6 миллион теңгеден астам қарызы бары анықталып отыр, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Өткен жылы еңбек инспекциясымен 1213 шағым қаралыпты, оның 315-сі – жалақы қарызына байланысты. Облыстың 89 кәсіпорны мен ұйымында 2410 қызметкерге 187,6 миллион теңгеден аса қарызы бар екені анықталған. Сонымен қатар 2017 жылы 437 кәсіпорын мен ұйым тексеріліп, 519 заң бұзушылық белгілі болған. Оның 95-і еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға қатысты.

«Келісім-шартсыз жұмысқа тұрғаның – өз құқығыңнан айрылғаның деген сөз. Оның соңы жалақыдан, әлеуметтік төлемдерден, зейнетақы қорынан, медициналық сақтандырудан қағылуға алып келеді. Көптеген қызметкерлердің уақытында қолында дәлелдейтін құжаттары жоқ болғандықтан өзіне тиесілі төлемін ала алмай, сотта да құқығы қорғалмай қалып жатыр», – дейді Ақмола облысының Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Берік Мұстафин.

Жыл басынан 121 кәсіпорын мен мекеме тексерістен өтіп, еңбек заңдылығын бұзуға қатысты 120 факті тіркелген. Өткен жылы 134 лауазымды және заңды тұлғаға 22 миллион теңгенің айыппұлы салынды.

«Биыл түскен 248 шағымның 74-і қызметкерлер жалақысына қатысты. 19 кәсіпорын мен ұйым 459 қызметкеріне 29,9 миллион теңге қарыз екені анықталды. Қолданылған шаралардың арқасында 281 қызметкердің құқығы қорғалып, 20 миллион теңге жалақы қарызы төленді. Осындай мәселенің бәрі тараптардың келісім-шартқа қол қойып, қатынастарын рәсімдемегеннен болып отыр», - дейді Берік Мұстафин.

Биыл 5548 ұжымдық келісім жасалған. Бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен ұйымдарды қоса алғанда 65,4 пайызды құрайды. Яғни, әлі қаншама мекеме өз қызметкерлерімен келісім-шартқа отырмаған. Сондықтан Еңбек инспекциясының басшылары жұмысқа құжаттарды рәсімдемей орналаспауға кеңес береді.

«Бір ғана Көкшетау қаласының өзінде 16 мыңнан аса адам әлеуметтік аударымсыз жұмыс істеп жатыр. 6 мың адам ортақ базада тіркелмеген. Кәсіпкерлердің бәрі еңбек заңдылықтарын жетік меңгерген дей алмаймыз. Сондықтан ұжымдық келісімшарттың ұтымды тәсіл екенін түсіндіретін басқосулардың бизнесмендерге де, еңбек адамдарына да берері көп», – дейді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің жетекшісі Галина Сенченко.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер